Баянауылда Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мерейтойы өтеді
Ұлы ақынның 130 жылдығына орай Торайғыр ауылына 70 кигіз үй тігіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
28-29 шілде күндері Баянауыл ауданы, Торайғыр ауылында ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 130 жылдық мерейтойы аталып өтеді. Осыған орай ауылда 70-ке жуық киіз үй тігіледі
Мерейтойдың тойлануы 28 шілде күні С. Торайғыров атындағы мәдениет үйінде өтетін республикалық Торайғыров оқуларынан басталады. Сол күні мерекелік концертке қала мен аудандардың шығармашыл ұжымдарының өнерін, «Дала балладасы» павлодарлық суретшілердің пленэрі мен көрмесін көруге болады.
29 шілдеде қонақтар С. Торайғыровтың кесенесінде құран бағыштайды. Ақын бюстіне гүл шоқтарын қойып, келушілерге музей жұмысы таныстырылады.
Жаңадан өңделген С. Торайғыровтың 1933 жылғы «Толық шығармалар жинағы» мен 1971 жылы Алматы қаласында жарыққа шыққан «Избранные» кітабының тұсау кесері өткізіледі.
Ұлттық спорт ойындары да назарсыз қалмайды. Шара барысында қазақша күрес, бәйге ойындары, жабық көкпар, қошқар көтеру ұйымдастырылады. Спорттық сайыс жеңімпаздарына демеушілер тарапынан жүлде қоры тағайындалды.
Мерейтойға арнайы шақырылған той қонақтары – Саят Медеуов, Аллажар Қайбар, Әсел Мадекешова келеді.
Сонымен қатар, этноауылдың аумағында «С. Торайғыров жастар көзімен» әдеби конференция ұйымдастырылып мен балаларға арналған танымдық алаң жұмыс жасайды. Сондай-ақ, келушілер назарына ұлттық тағамдар байқауы ұйымдастырылады.