Қызыл кітап: Ертіс жайылмасында жасырын жүретін күзен туралы не білеміз?

Павлодар облысы жануарлар дүниесінің алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Соның ішінде Қызыл кітапқа енген жануарлардың бірі – орман күзенi, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Қайрат Мұсағалиев есепке алу деректері бойынша қазіргі уақытта өңірде орман күзенінің саны 220 басқа жетіп отырғанын мәлім етті. Бұл – түрдің аймақтағы біршама тұрақты популяциясының бар екенін көрсетеді.
– Орман күзенінің негізгі таралу ареалы облыстағы екі ерекше қорғалатын табиғи аумақпен байланысты. Атап айтқанда, «Ертіс өзенінің жайылмасы» мемлекеттік табиғи қорығы мен «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында. Аталған аумақтарда орман алқаптары, өзен-көлдер мен тоғайлы жерлер сақталған, бұл күзен үшін қолайлы мекен ортасын қалыптастырады, – дейді Қайрат Мұсағалиев.
Орман күзенi – өте епті әрі жылдам қозғалады, ағашқа да еркін өрмелей алады. Күзеннің жүні қысқы уақытта қою әрі жұмсақ болып келеді, сондықтан ол суыққа төзімді. Орман күзенінің табиғаттағы маңызы зор. Ол ұсақ кеміргіштер мен зиянды жәндіктерді азайтып, экожүйе тепе-теңдігін сақтауға үлес қосады. Сондықтан оның санын тұрақтандыру және ареалын қорғау – өңірлік табиғатты қорғау қызметінің басты бағыттарының бірі болып табылады.
Орман күзенінің ерекше қасиеті – өте сақ әрі жасырын жүретіндігі. Сол себепті табиғатта оны кездестіру оңай емес. Жұптасу маусымында «сөйлескендей» әртүрлі дыбыс шығарып, бір-бірімен қарым-қатынас жасайды. Орман күзенінің тіршілік ету ортасы нашарласа, ол адамдарға жақын жерлерге келіп, қора-жайдағы ұсақ құстарға шабуыл жасауы мүмкін.