ІТ терминдері: Павлодарлық ұстаз республикалық байқаудың Бас жүлдесін жеңіп алды
Байқау ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ІТ-саладағы терминология бойынша аталған байқауда Аманжол Шамкенов атындағы мектеп-лицейдің тарих пәні мұғалімі Ербол Теміров қатысып, Бас жүлдені жеңіп алды.
Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов ІТ сала біздің өмірімізде ойып орын алғанын, сондықтан оларды халықтың басым көпшілігіне түсінікті болатындай қазақыландыру қажеттігін атап өтті.
– Тіл тірі организм сияқты жақсыны сіңіріп, жаманнан жиреніп тұрады, – деді Ербол Тлешов. – Сонымен бірге, біз терминдердің мағынасы мен этимологиясына сай қазақ тіліне жақындатуымыз керек.
Конкурс жеңімпазы ұйымдастырушыларға алғыс айтып, тарихи уақыт пен халық санасы табиғи іріктеу жүргізетінін туралы пікір білдірді.
– Кез келген тілде, өзге тілден енсе де төлтума сөздей боп кеткен терминдер бар, – деді Ербол Теміров. – Мысалы, орыс тіліндегі «богатырь» сөзі түріктің «баһадүр» деген сөзінен, қазақ тіліндегі «мұғалім» сөзі арабтың «муалим» деген сөзінен енген.
Конкурс қашықтықтағы форматта төрт кезең бойынша өтті. Бірінші кезеңде қатысушылардың ІТ саласындағы білімі мен терминдерді аудару біліктіліктері сыналды. Екінші кезеңде қатысушылар іріктеліп алынған терминдердің этимологиясын ашты. Үшінші кезеңде бес терминді іріктеп алып, солар бойынша өз баламаларын ұсынған бейнебаян түсірді. Төртінші кезеңде отыз термин бойынша олардың мәнін ашып, жаңа нұсқаларды ұсынулары тиіс болды.
Конкурс нәтижесі бойынша қатысушылар дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды. Бірінші орынға ие болған Алматы қаласының №179 мектебінің физика пәні мұғалімі Жұмабек Әлімхан 150 мың теңгенің сертификатына ие болды. Екінші орын үшін 100 мың теңге, екі үшінші орынға 70 мың теңге және төрт қатысушыға 25 мың теңгеден ынталандыру сыйлықтары берілді.
Айта кетерлігі, байқау алғаш рет 2020 жылы мемлекет қайраткері Әлихан Байменовтың «Қазақы терминдерді халық жасайды» бастамасы бойынша өткізілген. Бұған дейін туризм, қазақы мәзір және басқа тақырыптар бойынша ұйымдастырылған.