Қаныш Сәтбаевтың мерейтойы Баянауыл ауданында екі күн қатарынан тойланады
Облыс орталығында аты әлемге әйгілі геолог-ғалымды еске алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Атақты жерлесімізді еске алуға ескерткішінің жанына қоғам қайраткерлері, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар мен жастар жиналды.
12 сәуір Ғылым күнінде еліміз Қазақ КСР Ғылым Академиясының негізін қалаушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдығын атап өтуде. Бұл күннің маңыздылығын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен болатын.
Облыс әкімі Асайын Байханов ғалымның ескерткішіне салтанатты түрде гүл шоқтарын қою рәсімінде барлық салада ғылымның дамуына зор үлес қосқан ұлы ғалымның бірегейлігін атап өтті.
– Қаныш Сәтбаев – қазақ даласының ұлы перзенті, онымен Қазақстан ғылымы мен өнеркәсібіндегі орасан зор жетістіктер байланысты. Ғалымның есімі және туған халқын өзінен жоғары қойған абыройы мен ұлы еңбегі жыл өткен сайын өзінің маңызын жоғалтпайды, – деді аймақ басшысы.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Павлодар облыстық қоғамдық бірлестігі Суретшілер одағының төрағасы Шора Нөсербай Томск қаласының көркем музейіне Қаныш Сәтбаевқа арналған көркем туындысын тарту еткенін атап өтті.
– Ұлы тұлғаның мерейтойын Қазақстанда ғана емес, Ресейдің Томск қаласында да тойлап жатыр. Яғни, Қаныш Имантайұлының қазақ халқына ғана емес, жер шарына сіңірген еңбегі мол. Біз онымен мақтанамыз. Келешек ұрпаққа үлгі-өнеге. Оқу орындарында мерейтойына байланысты ғалымдармен кездесулер өтіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді, – деді Шора Нөсербай.
Қаныш Сәтбаев – қазақ тіліндегі алгебра оқулығының алғашқы құрастырушысы. Сондай-ақ, ол кейіннен ғалымдар атанған және қазақстандық ғылымның дамуына елеулі ықпал еткен талантты жастардың ғылым жолына түсуіне бағыт бағдар көрсетті.
Ол 1899 жылы 12 сәуірде Баянауыл ауданында өзінің есімі берілген ауылда дүниеге келген. Ғалымның ғылыми жаңалықтары ұшан-теңіз. Оның «Ертіс-Қарағанды» арнасын салудағы табандылығы еліміздің құрғақ өңірлерінің экономикасын көтеруге мүмкіндік берді. Ғалымның геологиялық зерттеулердің дамуына қосқан үлесі де баға жетпес. Оның тікелей басшылығымен ірі мыс, темір және марганец кен орындарының өндірісі басталды.
Гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін өңірде өтетін мерейтойлық іс-шараларға ресми түрде бастама берілді. Ғалымның 125 жылдығына 500-ден астам іс-шара жоспарланған. Ұлы жерлесіміздің мерейтойын ресми түрде атап өту 14-15 маусым күндері Баянауыл ауданының Сәтбаев ауылында өтеді.