Павлодарлық студент «KazUniHub» платформасын ойлап тапты

Павлодарлық студент «KazUniHub» платформасын ойлап тапты
Фото: pexels.com/Towfiqu barbhuiya

Жоба еліміздің барлық университеттерін бір ортақ жүйеге біріктіреді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Торайғыров университетінің бірінші курс студенті Тайыр Мұқажан жоғары оқу орындарына арналған «KazUniHub» атты инновациялық платформаны жасап шықты. Жоба ағымдағы жылы «Idea Battle» стартап байқауында бірінші орын иеленіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

Жас инноватордың айтуынша, жобаның идеясы күнделікті кездесетін қарапайым жағдайдан туындаған.

– Идея мен университет сайтына кіре алмағанымда пайда болды. Жүз рет логин мен пароль енгізіп отыру қаншалықты ыңғайлы деп ойладым. Сол сәтте студенттерге ыңғайлы болатын платформа құрайын деген ой пайда болды, – деді ол.

«KazUniHub» жобасының мақсаты – студенттер мен оқытушылар үшін оқу процесін жеңілдететін, барлық қажетті функциялар бір жерде шоғырланған біртұтас экожүйе жасау. Атап айтқанда, платформа студенттерге оқу кестесін, электронды бағалау парағын және сынақ кітапшасын көруге мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, стипендия мен сабақ кестесіндегі өзгерістер туралы хабарламалар алуға қолжетімділік қарастырылған. Оған қоса білім алушыларға анықтамалар мен құжаттарды онлайн eGov порталы секілді, университет ішінде рәсімдей алу мүмкіндігі жасалған.

Қазіргі таңда жоба идея және құрылымдау кезеңінен өтіп, алғашқы прототип дайындалған. Онда шағын деректер базасы қолмен енгізіліп, бастапқы сынақтар жүргізілуде. Ал серіктестік орнату жұмыстары платформа толық дайын болған кезде басталмақ.

– Көптеген университеттердің әлі өз мобильді қосымшасы жоқ. Мен барлығына ортақ, ыңғайлы жүйе жасағым келеді. Мақсатым – жобамды Kaspi сияқты «супер қосымшаға» айналдыру, – деді бастама авторы.

Тайыр Мұқажанның сөзінше, ол платформаны Flutter технологиясы арқылы жасап жатыр. Бұл келешекте барлық оқу орындары үшін бірыңғай стандарт орнатуға мүмкіндік береді.

Қазір жоба авторы жалғыз жұмыс істеп жатыр, бірақ «Enactus Toraighyr» командасы оған қолдау білдіруде. Студент болашақта жобасын жетілдіріп, Қазақстандағы барлық университеттерді біріктіретін ұлттық білім беру платформасына айналдыруды мақсат етіп отыр.