Қараоба ауылдық округінің жаңа әкімі таныстырылды

Қараоба ауылдық округінің жаңа әкімі таныстырылды
Фото: @arynov_qarshyga

Жаңа әкім ауылды дамытуға дайын екенін жеткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов Instagram парақшасында мәлімдегендей, 29 маусымда өткен сайлау нәтижесінде Қараоба ауылдық округінің әкімі болып Ризабек Кетиков сайланды. Бүгін ауыл тұрғындарына жаңа әкім ресми түрде таныстырылып, оған әкім куәлігі табысталды.

Ризабек Кетиков 1988 жылдың 20 қазанында Павлодар облысы, Ақтоғай ауданы, Қараоба ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң, Павлодар аграрлық колледжінде «Электротехника» мамандығы бойынша білім алған. Кейін Павлодар қаласындағы Инновациялық университетте «Электрмен қамтамасыз ету» мамандығын тәмамдаған.

Еңбек жолын ауыл шаруашылығы саласында бастаған Ризабек Рыспекұлы 2008 жылдан бері «Ырыс» шаруа қожалығын басқарған. Сонымен қатар, 2022 жылдан бастап Ақтоғай аудандық мәслихатының депутаты ретінде де қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан.

Жиын барысында ауыл тұрғындары жаңа әкімді құттықтап, оның ауыл игілігі жолында табысты еңбек ететініне сенім білдірді. Өз сөзінде Ризабек Кетиков халық сенімін ақтауға, ауылдағы өзекті мәселелерді шешуге және тұрғындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге дайын екенін айтты.