Қазақстанда балмұздақ өндірісі мен экспорты артты

Қазақстанда балмұздақ өндірісі мен экспорты артты
Фото: pexels.com / Teejay

Елімізде балмұздақ өндірісінің ең жоғары көрсеткіші Алматы облысына тиесілі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында 35,1 мың тонна балмұздақ өндірілген.

Өндірістің ең көп бөлігі, яғни 23,3 мың тоннасы (жалпы көлемнің 66,3 пайызы) Алматы облысында шоғырланған. Сондай-ақ ірі өндірушілер қатарына Түркістан облысы (6,0 мың тонна), Алматы қаласы (1,3 мың тонна) және Ақмола облысы (1,1 мың тонна) енді.

Өндірістің негізін кілегейлі балмұздақ (15,2 мың тонна) пен пломбир (14,3 мың тонна) құрайды, олар жалпы өнімнің 80 пайыздан астамын қамтиды.

Сыртқы саудада да оң динамика байқалады. 2026 жылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша, қазақстандық балмұздақ экспорты 6,4 мың тоннаны немесе 24,8 миллион долларды құрады. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда заттай түрде 46,4 пайызға, ал құндық мәнде 77 пайызға өскен.

Сыртқы сауда сальдосы оң күйінде сақталып отыр: экспорт көлемі импорттан 2,9 мың тоннаға асып түсті.

Экспорттың басым бөлігі (99,9 пайыз) ТМД елдеріне бағытталған. Ең ірі нарық — Ресей, ол жерге 4,3 мың тонна өнім жөнелтілді. Сонымен қатар, Қырғызстан (+68,4 пайыз) мен Өзбекстанға (+27,7 пайыз) экспорттың айтарлықтай өскені тіркелді.

Қаңтар-сәуір айларында балмұздақ импорты 3,4 мың тоннаны немесе 12,9 миллион долларды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 10,1 пайызға өсті. Негізгі жеткізушілер — Ресей (1,5 мың тонна), Қырғызстан (1,4 мың тонна), Өзбекстан (178,1 тонна) және Түркия (156,0 тонна).