Президент: Астана – егемен еліміздің жүрегi
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана күнімен құттықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
- Астана – егемен еліміздің жүрегі. Елордамыз – Тәуелсіз Қазақстанның символы, жарқын болашаққа ұмтылған ұлтымыздың жасампаз күш-қуатының қайнары. Халқымыздың тағдырына тікелей әсер ететін шешімдер осы қалада қабылданады. Бас қаламыз ауқымды тарихи өзгерістердің қозғаушы күшіне айналды. Астана сапалық тұрғыдан мүлде жаңа басқару жүйелері енгізілген «ақылды қала» мәртебесіне ие болды,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы өз сөзінде, елордада саябақтар, гүлзарлар, балаларға арналған алаңдар салынғанын, оның бәрі Астана тұрғындары мен қонақтары үшін жасалып жатқанын атап өтті.
- Елорда күні қарсаңында ұлт жылнамасындағы түбегейлі бетбұрыс кезеңіне жол ашқан Халық Конституциясы заңды күшіне енді. Мұның символдық мәні бар. Шын мәнінде, осы тарихи оқиға билік пен қоғамның негізгі институттарын жаңғырту ісінің бастауы саналады. Елордамыздың мәртебесі туралы жаңа конституциялық заң Астананың саяси, әкімшілік, экономикалық және мәдени орталық ретіндегі рөлін күшейтіп, оның мемлекет дамуындағы айрықша мән-маңызын айқындай түсті,- деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бас шаһардың халықаралық абырой-беделі де нығайып келе жатқанын, аймақтық және жаһандық саясаттың аса өзекті мәселелеріне қатысты шешімдердің Астанада қабылдануы – соның айқын дәлелі екенін тілге тиек етті.
- Бас қаламыз жауапты азаматтық ұстанымға, «Заң мен Тәртіпке», «Таза Қазақстан» қағидаттарына негізделген жаңа қоғамдық этиканың жарқын көрінісі болуға тиіс. Елордамыз Әділетті Қазақстанды құру жолында үлгі-өнеге көрсетіп, өсіп-өркендей береді деп сенемін. Құрметті Астана тұрғындары, баршаңызға амандық және табыс тілеймін,- деп түйіндеді құттықтауын.