Қазақстанның құқық қорғау органдары қажет болса ресейлік әріптестеріне көмектеседі
Қазақстан Президенті лаңкестік әрекет кезінде азаматтардың қаза табуына байланысты Ресей Президентіне көңіл айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Қазақстан Мәскеудегі бейбіт азаматтарға қарсы террористік актіні қатаң айыптайды», - деп мәлімдеді мемлекет басшысы.
Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, мемлекет басшысы терроризмді мүлде ақтауға болмайды деп санайды. Ол БҰҰ-ға мүше мемлекеттерді жазықсыз азаматтарға қарсы зорлық-зомбылықтың бұл түріне бірауыздан қарсылық танытуға шақырды.
Президенттің тапсырмасы бойынша, қажет болған жағдайда, Қазақстанның құқық қорғау органдары ресейлік әріптестеріне көмек көрсетеді.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті лаңкестік әрекет кезінде азаматтардың қаза табуына байланысты Ресей Президенті Владимир Путинге көңіл айтты.
Еске сала кетейік, кеше Мәскеудегі "Крокус сити холл" концерт залына террористік шабуыл жасалды. Соңғы деректер бойынша, қаза тапқандар саны 60-қа жеткен.