Қазақстанда жыл басынан бері 158 мыңға жуық адам жұмысқа тартылды

Қазақстанда жыл басынан бері 158 мыңға жуық адам жұмысқа тартылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жыл басынан бері 143,2 мың азамат жұмысқа орналастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз орталығының мәліметінше, елімізде 157,8 мың адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылды. 

Субсидияланатын жұмыс орындарына 106,3 мың адам жолданды. Олардың ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына – 9,6 мың, жастар практикасына – 6,6 мың, қоғамдық жұмыстарға – 78,3 мың, «Күміс жас» жобасына – 11,1 мың, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына – 680 адам, ал «Ұрпақтар келісімшарты» шеңберінде – 33 адам тартылды.

Сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытудан 36,6 мың жұмыссыз өтті, олардың 34,5 мыңы оқуды аяқтады. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 14,1 мың адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды, 7,3 мыңы оқуын аяқтап, сертификат алды. Сонымен қатар, жұмыс берушілердің сұранысы бойынша 802 адам кәсіптік оқуға жіберіліп, 51 адам курсты тәмамдады.

Қызмет бағытын анықтауға көмектесу мақсатында 140,7 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлау және кеңес беру қызметін алды.

Жұмысқа орналасу бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылады. Олардың ішінде жұмыспен қамту шаралары аясында – 87,8 мың адам, электрондық еңбек биржасы арқылы – 31,7 мың адам, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы шеңберінде – 23,6 мың адам және орталық мемлекеттік органдардың жобалары аясында – 42 адам жұмысқа орналасты.

Сондай-ақ, биыл әлеуметтік осал топтар үшін жаңа бизнес-бастамаларды қолдауға 400 АЕК-ке дейін (1 572 800 теңге) 9 мың қайтарымсыз грант беру жоспарланып отыр. Грант алуға өтінімдер 2025 жылғы 21 мамыр мен 3 маусым аралығында қабылданады.