Әлихан Смайылов Екібастұз ГРЭС-2-де үшінші энергия блоктың құрылысын тездетуді тапсырды
Ол бір ай уақыт берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында электр энергетикасы саласын одан әрі дамыту мәселелері қаралды. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесі штаттық режимде жұмыс істейтінін баяндады. Ел экономикасы мен халқын тұрақты энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін таяу жылдары жаңа энергия қуаттарын кезең-кезеңмен енгізу және қолданыстағы электр станцияларын жаңғырту көзделіп отыр.
– Солтүстік және Оңтүстік аймақтарда генерациялау көлемін ұлғайтуға басымдық берілді. Атап айтқанда, биыл Екібастұз ГРЭС-1-де 1-ші энергия блогын қалпына келтіру жобасын аяқтау жоспарланып отыр. Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңадан Жылу электр орталықтарын салу мәселесі пысықталуда. Оңтүстік өңірлерде газ генерациялау жобалары іске асырылуда, — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, 2035 жылға дейін Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне шамамен 26 ГВт базалық және маневрлік генерацияны іске қосу жоспарланып отыр. Қабылданып жатқан шаралар электр энергиясының тапшылығын жоюға және 2030 жылға қарай оның резервін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Әлихан Смайыловтың сөзінше, бұрын басталған ірі жобаларды іске асыру созылып кетті. Солардың бірі – Екібастұз ГРЭС-2-нің 3-ші энергия блогын салу жұмыстары.
– Бір ай мерзімде құрылыс жұмыстарын бастау қажет», — деді Премьер-Министр.
Бүгінгі таңда елімізде 220 электр станциясы жұмыс істейді, оның ішінде жалпы қуаты 2,8 ГВт болатын 144 ЖЭК объектісі бар. Осы жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жалпы қолда бар қуаттың көлемі 20,4 ГВт, осы күзгі-қысқы кезеңде тұтыну максимумы 16,6 ГВт құрады.