Павлодарлық полицей президенттік көпсайыстан чемпионатта үздік атанды
Батыс Қазақстан облысының Орал қаласындағы «Динамо» ФСО және Қазақстан Республикасы ІІМ ведомствоаралық спартакиадасының Президенттік көпсайыс чемпионаты өтті, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жарысқа Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының, күштік және арнайы құрылымдарының қызметкерлері қатысты.
Чемпионаттың қорытындысы бойынша 40 жастан жоғары жас санаты бойынша Президенттік көпсайыста Павлодар облысы полиция департаменті арнайы жылдам қимылдайтын жасақ қызметкері Қуаныш Шұғайыпов үздік атанды.
– Қылмыспен тиімді күресу, құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайту үшін полицейлерге спортпен шұғылдану қажет, өйткені спорт полиция жұмысында өте қажет. Төзімділік, күш пен ептілік, өз мүмкіндіктерін сауатты бағалау қабілеті сияқты қасиеттерді дамытады, – дейді чемпион.
Айта кетерлігі, Қуаныш Шұғайыпов 2022 жылы да көпсайыста үздік атанған.
Іс-шара соңында барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен, медальдармен, грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.