Павлодарда жаңа мұз сарайының құрылысы басталды
Заманауи спорт нысаны «Достық» шағын ауданында бой көтеріп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергеновтің мәліметінше, жаңа мұз сарайының жобасы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған. Нысанды 2026–2027 жылдары іске асыру жоспарланған.
Қазір құрылыс алаңында котлован әзірлеу үшін жер жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс-монтаждау жұмыстары бекітілген жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес орындалуда.
– Мердігер ұйымға құрылыс жұмыстарын жоспарға сәйкес уақытылы жүргізу, белгіленген жұмыс кестесінен ауытқуға жол бермеу, құрылыс сапасын қамтамасыз ету және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау тапсырылды, – деді Серік Төленбергенов.
Техникалық қадағалау мамандарына орындалатын жұмыстардың сапасын тұрақты бақылауда ұстап, туындаған мәселелер бойынша жедел шара қабылдау міндеттелді.
Құрылыс барысында жұмыс қарқынына, сапасына және жобаны белгіленген мерзімде аяқтауға ерекше назар аударылмақ.
Еске сала кетейік, жаңа мұз сарайының жалпы аумағы 22 мың шаршы метрден асады. Нысанда олимпиадалық форматтағы 400 метрлік конькимен жүгіру жолы, канадалық және еуропалық форматтағы екі хоккей алаңы, керлинг жолдары мен 500 көрерменге арналған трибуна қарастырылған. Жобаға 19,9 миллиард теңге бөлініп, кешенді 2027 жылдың желтоқсанында пайдалануға беру жоспарланған.