2024 жылы Павлодар облысында «Ауыл – ел бесігі» бойынша қандай жобалар іске асырылады?
Қараша айынан бастап мемлекеттік сатып алуды жариялау рәсімдері басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының орындалуы туралы есеп берді. 2024 жылы жобаға облыстың 14 ауылы – 6 тірек пен 8 спутниктік ауыл кіреді.
– Келесі жылы 8,8 миллиард теңгеге барлығы 54 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде облыстық бюджеттен 5,6 миллиард, ал республикалық бюджеттен 3,2 миллиард теңге бөлінеді.
Оның сөзінше, ҚР Парламенті депутаттарының қолдауымен қосымша 1,7 миллиард теңге, блоктық бюджет бойынша қосымша 863 миллион теңге бөлінеді.
– «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша келесі жылы дене шынықтыру-сауықтыру кешені, мәдени-демалыс орталығы салынады. Ауылдарда инженерлік коммуникация өткізіліп, жарықтандыру, электрмен жабдықтау, мәдениет үйін қайта жаңартуды салу жобалары қолға алынады, – деді ол.
Сондай-ақ, сегіз білім және мәдениет нысанында, бір денсаулық сақтау нысанында күрделі жөндеу жүргізіледі. Ұзындығы 67 километр кентішілік көшелер жөндеуден өтеді.
Ирина Назарчуктың айтуынша, келесі жылы Павлодарское, Алғабас, Еңбек, Бірлік, Құндыкөл, Прииртышск, Панфилов, Калиновка, Қарақала, Қаратерек, Розовка, Госплемстанция, Қоңырөзек, Шегірен, Үштерек, Береговое, Галицкое, Шалдай ауылдары жаңғыртудан өтеді.
Асайын Байханов басқарма басшысына бюджет қаражатын игермеген қала мен аудан әкімдіктерінен қалыптасқан үнемдеуді алуды ұсынды.
– Әкімдерден қандай бағытта болсын жұмысты үйлестіру талап етіледі. Сонда тәртіп те, уақытында қойылған мақсат та қолжетімді болады, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Айта кетейік, биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасына 26 ауыл кірген болатын. Бүгінде он ауылда жоспарланған нысандар салынып, жөнделді. Ал 15 жоба бойынша жұмыстар әлі жалғасуда. Екі жоба бойынша жұмыстар уақытылы аяқталмау қаупі бар –Ақтоғай ауданы Қараоба ауылында дене шынықтыру сауықтыру кешенін және шағын орталықты орналастыру үшін Заңғар мектебінің ғимаратына қосымша ғимарат салу.