Аққулы ауданында әкелер жауапкершілігі талқыланды

Аққулы ауданында әкелер жауапкершілігі талқыланды
Фото: ұйымдастырушылар

Пікір алмасу жаңа бастамаларға негіз болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Әкелер күніне орай Аққулы ауданында «Жаны ашымастың басы ауырмас» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Басқосудың мақсаты – әкенің отбасы мен қоғамдағы орнын айқындау, жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру және оның бала тәрбиесіндегі маңызын кеңінен насихаттау.

Жиынға аудандық «Әкелер кеңесінің» 30-дан астам белсенді мүшесі қатысып, отбасы институтын нығайту, жас ұрпақ тәрбиесіндегі әке рөлі және қоғамдағы өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Еркін форматта өткен кездесуде қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, әке беделін көтерудің тиімді жолдарын талқылады.

Іс-шара барысында «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы төрағасының кеңесшісі Еркеғали Жанғазы сөз алып, ұйымның негізгі бағыттарына тоқталды.

Отбасы құндылықтарын сақтау, балалардың қауіпсіздігі мен сапалы тәрбиесін қамтамасыз ету – бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әрбір азамат айналасындағы мәселелерге бейжай қарамай, жанашырлық танытуы қажет, — деді ол.

Сондай-ақ басқосуда ұлттық құндылықтарды жас буынның бойына сіңіру, отбасы мүшелері арасындағы сыйластықты арттыру және әкенің тәрбиелік ықпалын күшейту мәселелері кеңінен қозғалды. Қатысушылар отбасы тәрбиесіне қатысты түйткілдерді ортаға салып, оларды шешудің тиімді тетіктері жөнінде өз ұсыныстарын жеткізді.

Дөңгелек үстел маңызды диалог алаңына айналып, жаңа бастамалар мен бірлескен жобаларды талқылауға мүмкіндік берді.