Павлодарлық дәрігер ұшақ жолаушысын құтқарғаны үшін марапатталды
Медальді жедел медициналық көмек көрсеткені үшін дәрігер-анестезиолог Мұрат Сүлейменов «Ақ жол» партиясының өкілдерінен алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар филиалы төрағасының міндетін атқарушы Рүстем Смағұлов партия төрағасы Азат Перуашевтың атынан Мұрат Сүлейменовке «Адам өмірін құтқарғаны үшін» медалін табыс етті.
– 2024 жылдың 29 желтоқсанында «Ташкент-Астана» әуерейсінде бір жолаушының жағдайы күрт нашарлап, ауырып қалды. Сол сәтте бортта павлодарлық кәсіби дәрігер-анестезиолог Мұрат Сүлейменов болды. Ол дереу әрекет етіп, жолаушыға қажетті медициналық көмек көрсетті. Экипаждың үйлесімді жұмысы мен Мұрат Қайырұлының 28 жылдық тәжірибесінің арқасында жолаушының жағдайы айтарлықтай жақсарды, – делінген хабарламада.
Ұшу кезінде әйелдің қан қысымы күрт төмендеп, есінен танып қалғаны хабарланған болатын.
Бұл дәрігердің шұғыл көмек көрсеткен алғашқы жағдайы емес. Бұған дейін ол Баянауылда демалыста жүргенде жағажайда жігітті реанимациялаған, ал 2016 жылы пойызда 4 жасар балаға көмек көрсеткен.