Ақсудағы құс фабрикасы өндіріс көлемін арттырады

Ақсудағы құс фабрикасы өндіріс көлемін арттырады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Кәсіпорында тоғыз жаңа құс қорасын салуға бес миллиард теңге инвестиция салу жоспарланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, «Қызылжар Құс KZ» ЖШС өндірістік қуаттарын кеңейту жөніндегі инвестициялық жобаны жүзеге асыруда. Нәтижесінде құс етін өндіру көлемін жылына 10 мың тоннаға дейін жеткізу көзделген.

Қазіргі уақытта кәсіпорында тоғыз құс қорасы жұмыс істейді. Кеңейту жұмыстары екі кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде екі жаңа құс қорасы, екінші кезеңде тағы жетеуі салынады.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі бес миллиард теңгені құрайды.

– Қаржыландыру Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тираждау аясында жеңілдетілген кредиттеу арқылы жоспарлануда. Кеңейту құс етін өндіру көлемін ұлғайтуға, қосымша жұмыс орындарын ашуға және кәсіпорынның өндірістік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді, – деп хабарлады басқармада.

Жоба Инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулына енгізілген. Басқарманың мәліметінше, өндірісті кеңейту өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға да ықпал етеді.