Павлодарлық кәсіпкерлер мемлекеттен қандай қолдау көріп жатыр
Шағын және орта кәсіпкерлікті қаржылай қолдаудың 4 түрі бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы баспасөз жиынында Павлодар облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының м.а. Сағыныш Нұркимбаев мәлім етті.
Қаржылай қолдаудың 4 түрі:
- кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау;
- кредиттерге кепілдік беру;
- жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру;
- өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды жүргізу.
Өткен жылы осы құралдар шеңберінде 1 924 жоба 34 млрд теңгеге қаржыландырылды. Биыл 13,7 млрд теңге бөлінді, өңірдің кемінде 324 жобасын қолдау жоспарлануда.
- Бүгінгі таңда 21 милиард теңгеге 223 жоба қаржыландырылды. Біздің басқармамыз мемлекеттік гранттар беру және өндірістік инфрақұрылымды жүргізу құралдарын іске асыруда, - деді Сағыныш Нұркимбаев.
Облыста 2022 жылы 21 жобаға қаржылай грант берілген. Олардың ішінде медициналық бұйымдар шығару, жүк көліктерінің шиномонтажы және басқа да жобалар бар.
Өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды жүргізуге биыл 6 жоба бойынша коммуникациялар салу үшін 2,4 млрд теңге бөлінді. Осы жобаларды іске асыру 178 жұмыс орнын құруды және шамамен 551,9 млн теңгеге жыл сайынғы салық түсімдерін қамтамасыз етеді.
Ал, несие бойынша пайызды субсидиялау және несиеге кепілдік беруді «Даму» ҚДҚ АҚ жүзеге асырады.
АҚ Павлодар облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Айгүл Әлібекова 2022 жылы субсидиялау құралы бойынша жалпы несие сомасы 84 млрд теңгеге 1 117 жоба, кепілдік беру құралы бойынша несие сомасы 20 млрд теңгеге 880 жоба қолдау тапқанын атап өтті. Кепілдік сомасы 10 млрд теңгені құрады.
- Биылғы 1 мамырдағы жағдаймен субсидиялау бойынша 10,8 миллиард теңге несие сомасына 132 жоба қолдау тапты. Қолдау көрсетілген жобалар ішінде өңдеуші өнеркәсіп саласы басым. Тамақ, киім, сүт өңдеу жобалары бар, - деді Айгүл Әлібекова.
Кепілдік беру құралы бойынша 2023 жылы 80 жоба қолдау тапты. Несие сомасы 5,3 млрд теңге, кепілдік сомасы – 2,3 млрд теңгені құрайды.
Фото: ашық дереккөздерден