Ақсуда «Tugan qala» жобасына қатысқан бастамашыл тұрғындар марапатталды

Ақсуда «Tugan qala» жобасына қатысқан бастамашыл тұрғындар марапатталды

Олардың ойларын жүзеге асыруға ERG компаниясы көмек етеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

2021 жылдан бері Ақсу тұрғындары «Tugan qala» жобасына белсенді қатысуда. Оның мақсаты – қаланың инфрақұрылымын дамытып, адамдардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасайтын жобаларды қолдау. Тұрғындар өздеріндегі идеяларды алға тартып, өтінімдер жібереді. Онлайн дауыс беру арқылы ақсулықтар ұнайтын жобаны таңдап, дауыстарын береді. Нәтижесінде ең көп дауыс жинаған жоба жеңімпаз атанады. Оны іске асыруда қаржылық жағынан ERG компаниясы көмектеседі. Былтыр жеңіске жеткен 10 инфрақұрылымдық жоба мен бес іс-шара биыл жүзеге асырылады. 

Қалалық әкімдікте «Tugan qala» жобасының жаңа циклінің жеңімпаздары марапатталды. Шаһар басшысы Нұрлан Дүйсембиновтың айтуынша, жалпы жобаға қатысуға ақсулықтардан 114 өтінім келіп түскен. 

– Ақсудың тұрғындары жылдан-жылға белсенді қатысып, дауыс жинауға күш салып жатқаны олардың жобаны қолдап жатқанын көрсетеді. Алғаш рет іс-шара жобалары қолға алынып жатыр. Барлық бастамалар терең мағыналы, қызықты, керемет бола бастады, – деді Ақсу қаласының әкімі. 

«Tugan qala» жоба орталығының жетекшісі Сергей Гуляевтың сөзінше, республикалық форумдарда Ақсудағы аяқталған нысандар туралы  мақтанышпен айтуға болады.

– Біз әртүрлі қалаларды аралаймыз, түрлі адамдармен кездесеміз. Олармен тәжірибемізбен бөлісетінімізге өте қуаныштымыз. Ақсу қаласы туралы  мақтанышпен айта аламыз. Өйткені көп нысандарды көрсетуден ұялмаймыз, – дейді Сергей Гуляев.– Қайта қатысып, өтініш беруден жалықпайтын тұрғындардың бар екені өте керемет. Бұл жоба – адамдарға өз пікірлері мен ниеттерін  тікелей білдіруге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, үш мың адам пайдалы жобалар үшін дауыс берген болатын. Ақсу ферроқорытпа зауытының персонал және мәдениет жөніндегі директоры Наталья Ғабибова туған қаласының өркендеп өсуін көргісі келетін тұрғындар артып келетінін атап өтті. 

– Жобаға сенім білдіре бастады. Яғни, жоба жай әдемі сөздермен ғана шектелмейді. Шын мәнісінде ол қаланы дамытуға, сондай-ақ біздің жастарға тартымды етуге бағытталған. Себебі барлығы үлкен қалаларға, мүмкіндігі көп жерлерге кеткісі келеді, сондықтан да жастардың қажеттілігін жабу үшін қолымыздан келгенін бәрін жасау керек,– деп атап өтті ол. 

ERG Service, «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ, Ақсу ферроқорытпа зауытының қызметкерлері де жобадан тыс қалмайды. Қаланы абаттандыруға бағытталған 10 инфрақұрылымдық ұсыныстың ішінде жобаға бірнеше рет қатысып отырған тұрғындар да бар. Мысалы, Ақсу ферроқорытпа зауытының экономисі Ольга Вахитова екінші жыл қатарынан өз идеяларын ұсынуда.

– Былтыр зауытымызға жобаның өкілдері келіп, «Tugan qala» туралы айтып берген. Менің көзім жанып, бірден қатысқым келіп кетті де, үш идеяны ұсындым. Нәтижесінде оның екеуі жүзеге асты,– деді Ольга Вахитова. – Биыл Өнер мектебіне қарай сквер жасағым келеді. Жарықтандыру мен сыртқы абаттандыруды қолға алу керек. Қазіргі ескі плиталардың орнына жақсы асфальт төсейміз. Балалардың жүріп тұруына да жақсы болады. Сондай-ақ, сквердің ішін мүсіндермен безендіру жоспарда бар. 

Тұрғындар ең көп дауыстарын іс-шара жобалары үшін берген болатын. Жеңімпаздардың бірі – Ақсу тарихи-өлкетану мұражайының жетекшісі Гүлжанар Ақшолақова «Қаламыздың мұражайы» атты фестивалін өткізгісі келеді. Ол жерде қала тұрғындары көне және құнды заттарды көрсетіп, көрмеге қоя алады.

– 50 шақты кісіні қамтитын шараны өткізу ойда бар. Олар өздерінің үйінде сақтап, ұзақ уақыт бойы жинап келген заттарын әкеліп, ұсынады. Кейбір ақсулықтардың үйінің өзі бөлек бір мұражай сияқты. Фестиваль арқылы жастарымыз тарих пен мәдениетімізге жақындайды, – деді Гүлжанар Ақшолақова.

Музей басшысы бөлінген қаражатқа мұражайдың материалдық-техникалық базасын жаңартуды жоспарлап отыр. 

Барлық жобаларды іске асыруға 120 миллион теңге бөлінді.

Фото: Азамат Омаров 

Серіктестік материал