Павлодарлықтар Республика күніне арналған бейнероликтер байқауына қатыса алады

Павлодарлықтар Республика күніне арналған бейнероликтер байқауына қатыса алады
ЖИ иллюстрациясы

Оған 14 жастан асқан қала және облыс тұрғындары қатыса алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодар қалалық ішкі саясат бөлімінің мәлімдеуінше, байқаудың мақсаты – ұлттық мерекенің маңызын насихаттап, Қазақстанның тарихы мен мәдениетін, ұлттық құндылықтарды, туған қала мен оның тұрғындарын бейнеролик арқылы таныту.

Қатысушылар осы тақырыптардың біріне арналған қысқаметражды бейнеролик түсіруі керек. Жұмыста Республика күнінің ресми логотипін пайдалану міндетті.

Дайын бейнероликті қатысушы Instagram желісіндегі жеке парақшасында жариялап, @smk_kaz және @sayasat_pavlodar парақшаларын белгілеп, бірлескен жарияланым жасауға шақыру жіберуі қажет. Сондай-ақ жазбаға #РеспубликаКүні және #RepublicDay хэштегтерін қосу керек. Байқау кезеңінде қатысушылардың Instagram парақшалары ашық болуы тиіс.

Бейнебайқау 22–26 қазан аралығында өтеді. Қорытындысы 27 қазанда жарияланып, жеңімпаздар сертификаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Айта кетелік, байқау ережесімен танысып, Республика күнінің ресми логотипін жүктеп алу үшін Instagram желісіндегі @smk_kaz парақшасында берілген сілтемеге өтуге болады.