Адам папиллома вирусы: Павлодар облысында бригадалар шалғай ауылдарға шығады
Папиллома вирусының ықтимал салдары онкологияға әкелуі мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жатыр мойны обыры елімізде әйелдер арасында таралуы және өлім себептері бойынша сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. Жыл сайын Қазақстанда аталған диагнозбен екі мыңға жуық жаңа жағдай тіркеледі. Қатерлі ісіктің бұл түрі адам папиллома вирусынан туындайды. Патологиядан жылына 600-ден астам әйел, күніне - екі науқас қайтыс болады.
Павлодар онкологиялық диспансерінде жатыр мойны обыры бойынша төрт мың науқас есепте тұр, бұл – облыстағы онкологиялық аурулардың үштен бірі. Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бері 70 әйелде диагноз расталды. Көптеген адамдар қабылдауға қатерлі ісіктің асқынған түрімен келеді.
Көбінесе патология 30-40 жас аралығындағы әйелдерде кездеседі. Вирустың арнайы емі жоқ, алдын алудың жалғыз әдісі – вакциналау. Екпенің көмегімен жатыр мойны обырының алдын алуға болады.
Вакциналау қалай өтеді?
17 қыркүйекте Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері адам папиллома вирусына қарсы егу туралы қаулыға қол қойды. «Гардасил» препараты АҚШ-тан жеткізіле бастады. Павлодар облысына 5600 доза жіберілген. Дәрі өңірдің барлық емханалары мен мектептеріне жеткізілген соң ғана екпе жұмыстары басталады.
Биылдан бастап дәрігерлер вакцинаны 11 жасар қыздарға салады. Сондай-ақ 12-13 жас аралығындағы қыздар арасында да екпе жүргізілмек. Инъекцияны емханаларда немесе мектептерде тегін салуға болады. Шалғай ауылдарды көшпелі екпе салу бригадалары аралайды. Бірақ вакцина салу үшін ата-аналардың рұқсаты қажет.
– Вакцинаны 11 жаста салудың себебі - препаратты жыныстық қатынасқа түспегендерге енгізу керек, – деп түсіндірді онкогинеколог Лаура Нұрсейітова. – Балаға жүкті анасынан жұғатын папиллома вирусы диагнозы қойылса да, препарат қатерлі ісіктің дамуын болдырмайды.
Вакциналау екі кезеңмен алты ай аралығымен қойылады. Егер бала екінші кезеңді аяқтай алмаса, онда процедураны жарты жылға кейінге қалдыруға болады. Бірақ екінші дозаны міндетті түрде енгізу керек, өйткені ол 10 жылдан 15 жылға дейін созылатын вирусқа қарсы иммунитетті қалыптастырады.
– Бұл вакцина әлемде 15 жылдан бері қолданылып келеді. Осы уақыттың ішінде аурушаңдық 90 пайызға төмендеді. Қалған 10 пайызы – вакцинадан әсер болмағаны. Бұл иммундық жүйеге байланысты: вакцина әр ағзаға әртүрлі әсер етеді, – дейді паразитарлы және инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Гүлмира Құлмағамбетова.
Эпидемиологтардың айтуынша, егер процедурадан кейін дене температурасы 38 градусқа дейін көтерілсе, бұл – қалыпты жағдай. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, бүкіл әлемде папиллома вирусы вакциналарының 500 миллион енгізілген дозасы ешқандай жағымсыз реакциялар тудырмаған.
Болашақта Қазақстанда адам папиллома вирусына қарсы ересек жастағы қыздарға, сондай-ақ 9-14 жас аралығындағы ұлдарға екпе салу жоспарланып отыр, өйткені вирус ерлер арасында кездесетін жағдайлар бар.