Павлодар облысында сүт безі мен өкпе обырын ерте анықтайтын ЖИ жүйесі іске қосылды

Павлодар облысында сүт безі мен өкпе обырын ерте анықтайтын ЖИ жүйесі іске қосылды
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Жоба аясында өңірдегі 22 медициналық ұйымның диагностикалық жабдықтары ортақ желіге біріктірілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Енді дәрігерлер рентген, компьютерлік томография және маммография нәтижелерін қашықтан қарап, өзара кеңесе алады. Ал жасанды интеллект күмәнді өзгерістерді анықтап, мамандардың назарын дер кезінде аударуға көмектеседі.

Павлодар облыстық онкологиялық диспансерінде орталықтандырылған PACS радиологиялық жүйесінің мүмкіндіктері Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановқа таныстырылды. Жобаның басты мақсаты – медициналық талдауларды бірыңғай электрондық базада сақтау және оларды өңірдің барлық медициналық ұйымдарына қолжетімді ету.

– Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында жасанды интеллект дәуірі басталғанын атап өтіп, заман талабына сай жаңа технологияларды барлық салаға енгізудің маңыздылығына тоқталған болатын. Біз де осы бағыттан қалыс қалмай, жасанды интеллект мүмкіндіктерін медицина саласында кеңінен пайдалануымыз керек. Жалпы, өңірімізде онкологиялық ауруларға қатысты мәселенің күрделі екенін жақсы білеміз. Сондықтан заманауи технологияларды енгізу арқылы ауруды ерте анықтап, емдеу тиімділігін арттыруға басымдық беру қажет, - деді Асайын Байханов. 

Бұған дейін науқастар зерттеу нәтижелерін басқа дәрігерге көрсету үшін медициналық талдаулар жазылған CD-дискілерді өздері алып жүруге мәжбүр болатын. Енді бұл қажеттілік жойылады. Мәселен, аудандық ауруханада КТ-дан өткен науқастың нәтижесін облыс орталығындағы бейінді маман да көріп, қашықтан қорытынды бере алады.

– Жасанды интеллект жүйесі медициналық суреттерден көлемі небәрі 2 миллиметр болатын ісіктерді де анықтай алады. Бағдарлама дәрігерге зерттеу нәтижесін жылдам жеткізіп, күмәнді тұстарды көрсетеді. Мысалы, аудандық ауруханада түсірілген рентген суреті жүйеге жүктелгеннен кейін, оны облыс орталығындағы маман бір минуттың ішінде көре алады. Бұл дәрігерлер арасындағы байланысты жеңілдетіп, диагноз қою уақытын қысқартуға мүмкіндік береді,- деді Павлодар облыстық онкологиялық диспансерінің бөлім меңгерушісі Баян Чакенова.

Жобаны жүзеге асыру барысында 148 рентгенолог, рентген-зертхана маманы және орта буын медицина қызметкері жаңа жүйемен жұмыс істеуге оқытылған.

Мамандардың айтуынша, жасанды интеллект дәрігерді алмастырмайды. Ол тек қосымша талдау құралы ретінде қолданылады. Соңғы диагнозды дәрігер қояды.

Жоба іске қосылған сәттен бастап жүйеде 69 мыңға жуық медициналық зерттеу жинақталған. Оның 34 910-ын жасанды интеллект талдаған. Нәтижесінде 4 149 жағдайда күмәнді өзгерістер анықталған. Оның ішінде 382-сі маммография зерттеулеріне, ал 3 767-сі кеуде қуысының рентгенологиялық зерттеулеріне қатысты. Жасанды интеллект анықтаған белгілер дәрігерлердің қосымша тексеру жүргізуіне негіз болады.