«Амал келді, жыл келді»: Павлодарда Наурыз мерекесіне орай дөңгелек үстел өтті
Мерекеге орай Ертіс жағалауында киіз үйлер тігіліп, ұлт өкілдері бас қосады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.
«Достық үйінде» «Жаңару - ел тарихындағы жаңа кезең» атты тақырыпта баяндама жасалды. Кездесу барысында қатысушыларға Көрісу күнінің шығу тарихы, әр ауыл аймақта тойлану ерекшеліктері және жалпы Наурыз мерекесі туралы түсіндірілді. Қатысушылар өз кезегінде биылғы жылдан бастап бекітілген «Наурызнама» тұжырымдамасын талқылап, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Оған ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері және университет профессорлары қатысты.
Наурыз – той тойлау емес. Оның ерекшелігі – ұлттық мейрам. Бұл тарихты А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердиев, М. Жұмабаев сияқты қазақ зиялылары тереңінен зерттеген. Парсы тілінен «нау» – жаңа, «руз» – күн деген ұғымды білдіреді. Ал қазақ халқында Ұлыстың ұлы күні ретінде белгіленген.
– Мәшһүр Жүсіптің жазбаларында, Омар Хаям зерттеулерінде сегіз күн Наурызды тойлағаны жазылған. Атырау жақтарда «Амал күні», «Көрісу» мерекесін кеңінен атап өтеді. Қазақта көрісудің екі түрі бар: кісі қайтқанда және көптен бері көрмегенде, сағынғанда табысу, – дейді С. Торайғыров университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Айтмұхамет Тұрышев.
Оның айтуынша, Наурыздың негізгі мақсаты – елдің басын біріктіру, татуластыру. Бұл дәстүр скифтердің кезінде де болған. Қазанға жеті түрлі дәм салады: қойдың басы, арпа, бидай, ақ, айран және басқасын. Ренжісіп қалған адамдар болса, көжеден дәм татса, татуласады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде үлкен қазан бар. Өзбекәлі Жәнібектовтің арқасында қайта оралды. Сол «нар қазан», «тай қазан» достықтың символы болған. Наурыз мерекесі 1920 жылы қазан революциясынан кейін 1926 жылға дейін тойланды. 1925 жылы «Еңбекшіл қазақ» газетінде өте тамаша мақала шықты. 1926 жылдан бастап 1988 жылға дейін тойланбай қалды. Араға 62-63 жылдан кейін Наурыз мерекесі қайтып оралды. Содан бері тойланып келеді. Бұл – достық пен бірліктің нышаны.
Сондай-ақ, Наурыз мейрамының этномәдени негіздері, Қазақстандағы политикалық реформалар, меритократия қағидаты, «AMANAT» партиялық алаңы жайлы баяндама жасалып, сөз қозғалды.