Армандар орындалады: Екібастұзда жаңа пәтерлердің кілттері табысталды

Армандар орындалады: Екібастұзда жаңа пәтерлердің кілттері табысталды
Фото: Артур Поляков

Барлығы 20 пәтер қолданысқа берілді, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі Асайын Байханов кеншілер қаласында  тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқанын атап өтіп, тұрғындарды қоныстоймен құттықтады. Жыл сайын Екібастұз қаласында шамамен 200-300 пәтер салынады. 

Сіздермен жаңа жыл қарсаңында кездескеніме қуаныштымын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету әкімдердің басты міндеттерінің бірі деп белгіледі. Биыл біздің өңірімізде ұзақ жылдар ішінде алғаш рет 800-ге жуық жаңа пәтер әлеуметтік осал топтарға тапсырылуда. Қалалар мен аудандарда әлеуметтік тұрғын үй кезегінде тұрғандардың санын азайтуға мүмкіндік туғаны қуантады. Жаңа пәтерлердің іші құт-берекеге, қуаныш пен қызыққа толы болсын! – деді аймақ басшысы. 

Баспаналы болған тұрғындардың бірі Гүлшат Қалижанова 11 жылдан астам тұрғын үй кезегінде тұрған. Толық емес отбасында төрт бала тәрбиеленуде, оның бірі – мүмкіндігі шектеулі жеткіншек. Отбасы бұған дейін 19-шы шағын ауданда  75 мың теңгеге үш бөлмелі пәтер жалдаған. 

– Үш бөлмелі пәтердің кілтін алдық. Балабақша мен дүкендер, балалар алаңдары үйдің жанында, мектеп алыстау. Әзірге үйді көрмедім, – дейді ол. 

Жаңа жылды өз шаңырағында қарсы алатын тұрғындардың бірі бұл арманын ұзақ күткенін айтады. 

–  Мен үш жасымда жетім қалдым. 2015 жылдан бастап кезекте тұрдым. Екібастұз қаласында туып-өскен едім. Бүгін көптен күткен баспананың кілтін алдым. Бұл –  жай ғана қабырғалар емес, армандар орындалатын үй, онда мен өзімді қауіпсіз сезінемін. Қиын сәттерде көмектескен, қолдау көрсеткен туыстарыма және жақындарыма алғыс айтқым келеді, – деп бойжеткен алғыс білдірді. 

Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Ержан Салхановтың айтуынша, арендалық пәтерлердің бір шаршы метрі 225 теңгені құрайды. Тұрғын үй әлеуметтік осал топқа сатып алынған. Шамамен 570 млн теңге – облыстық бюджеттен, қалғаны қалалық бюджеттен бөлінген. 

Кеншілер қаласында тұрғын үй кезегінде шамамен 4,5 мың адам тұр. 

Әрбір пәтерде электроплита қойылған.