Аққулыда ұстаздар әдеби аударманың шеберімен кездесті

Аққулыда ұстаздар әдеби аударманың шеберімен кездесті

Серік Сатыбалдинмен шығармашылық кеш ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аққулы ауданы білім бөлімінің ұйымдастыруымен С. Сатыбалдин атындағы орта мектепте жерлесіміз жазушы-аудармашы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Аққулы ауданының Құрметті азаматы Серік Сатыбалдинмен «Ұлағатты ұстаз-шығармашыл тұлға» атты шығармашылық кездесу өтті.

 – Кездесудің басты мақсаты  –  «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында өлкеміздегі халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген қаламгерлеріміздің өрнегі мол шығармаларын оқуға насихаттау,  –  деді білім беру бөлімінде. – Сонымен қатар, олардың өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа өнеге тұтып, жастардың кітап оқуға құлшынысын, еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру. 

Кездесуге білім бөлімінің әдіскерлері, Серік Сатыбалдинмен әріптес болған ұстаздар, аудан мектептерінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері, кітапханашылар қатысты.

Шара барысыныда қаламгерге арналған таныстырылым, оқушылар жазушының өлеңдерінен әдеби монтаж жасалды, оқушылар «Тұт ағашы мен жібек құртынының» айтысын сомдап, «Шыншыл бала» ертегісінен қойылымдар көрсетті. Серік Сатыбалдин ежелден ұлтымыздың жадында жатталып, ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан бесік жырының көне нұсқаларын қазіргі заман ағымына лайықтап орынды бере білген. Мектептің «Аялы алақан» аналар кеңесінің мүшелері «Бесік жырын» шебер орындады.

«Сыр сұхбат» айдарында Серік Сатыбалдин өзінің естеліктерімен, шығармашылық жолымен бөлісіп, оқушылардың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді.

Бұл ретте, жазушының еліміздегі негізгі әдеби журналдар мен газеттерде үзбей жарияланып келе жатқан ертегілері мен әңгімелері, өлеңдері, танымдық мақалалары мен түрлі аудармалары өз оқырмандарын тапқаны анық. Қаламгер балаларға арналған шығармаларды орыс тілінен қазақ тіліне шебер аудара білді.

Кездесу қатысушылары ғибратты ой, рухани азық алып, жан дүниелерін байытып қатты.