Асайын Байханов Екібастұз ЖЭО жұмысшысына портрет сатып алды

Асайын Байханов Екібастұз ЖЭО жұмысшысына портрет   сатып алды
Фото: «Немалевичи» студиясының парақшасынан алынды

Бұл жолы көрмеге павлодарлық кәсіби емес суретшілердің 75 туындысы қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі Асайын Байханов Н. Нұрмұхамедов атындағы облыстық көркемсурет музейіне барып, «Немалевичи» акварель шеберханасының «Цветная река-2023» акварельдік кескіндеме көрмесін тамашалады.

«Немалевичи» студиясының жетекшісі Светлана Кравченко облыс әкімінің инстаграмдағы видеоларынан скриншот жасап, Екібастұз ЖЭО-да еңбек етіп жатқан адамның суретін салған жұмысын көрсетті.  Асайын Байханов бұл суретті сатып алуға бола ма екенін сұрап, портретті суреттегі адамға сыйға тартқысы келетінін айтты.

– Көрмеге қойылған суреттер ерекше шынайылығымен таң қалдырады. Кәсіби емес қылқалам шеберлері сурет өнеріндегі күрделі әдістердің бірін игергені таңқаларлық. Ертіс өңірінің тұрғындары туған өлкенің сұлулығымен шабыттанып, оны өздерінің туындыларында көрсеткені қуантады, – деп атап өтті Асайын Байханов.

Аймақ басшысы қылқалам шеберлеріне сарқылмас шабыт  пен  шығармашылықтың жаңа шыңдарына жете беруде сәттілік тіледі. 

Сондай-ақ, қала тұрғындары мен қонақтарына уақыт тауып, көркемсурет музейіндегі жергілікті әуесқой суретшілердің шығармашылық атмосферасынан рухани шабыт алуға кеңес берді. 

Айта кетейік, «Цветная река-2023» акварельдік кескіндеме көрмесі 2023 жылдың 19 қарашасына дейін жалғасады.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Байханов Асаин (@asaiyn.baikhan)