Асайын Байханов: Павлодарлықтардың фашизмді жеңуге қосқан үлесі орасан зор

Асайын Байханов: Павлодарлықтардың фашизмді жеңуге қосқан үлесі орасан зор
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол Instagram парақшасында жерлестерді Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыс әкімі Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлерін Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтай отырып, мерекенің маңыздылығына тоқталды. 

– 9 мамыр - бүкіл ел болып Ұлы Отан соғысында миллиондаған батырымыздың көрсеткен ерлігін еске алатын, ардагерлерге құрмет көрсетіп, бізге бейбіт өмір сыйлаған қаһармандарды ұлықтайтын күн, – деді аймақ басшысы.

Оның айтуынша, павлодарлықтардың фашизмді жеңуге қосқан үлесі орасан зор. Майданға 46 мың адам шақырылды. Оның 22 мыңы шайқаста қаза тауып, хабар-ошарсыз кетті. 

– 10 мыңнан астам жерлесіміз жауынгерлік ордендермен және медальдармен марапатталды. Аймақтың 31 тұрғыны Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды, 8-і Даңқ орденінің толық кавалері атанды, – деп атап өтті Асайын Байханов.

Облыс әкімінің сөзінше, жеңіс пен бейбітшілікке лайықты ұрпақ бола білу, қол жеткен жетістіктердің бағасын біліп, оны еселей түсу – біздің басты міндетіміз. Өкінішке орай, жыл сайын соғысқа қатысушылар саны азайып келеді. Бүгінде Павлодар облысында 8 Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады.

– Ардагерлеріміздің қайсар батылдығы үшін бас иіп, тағзым етеміз! Батырларымызға мықты денсаулық пен амандық, ал барлық отбасыларға - бейбітшілік пен жақсылық тілеймін! – деп құттықтады Асайын Байханов.