Асайын Байханов жасыл желектерді автоматты түрде суаруды тапсырды
Өңір басшысы көгалдандыруды жүйелі түрде жүргізу қажет екенін атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, кез-келген елді мекенді абаттандыруда аумақтар мен саябақ аймақтарын көгалдандыру маңызды мәнге ие. Облыс тұрғындарының өмір сүру жайлылығы мен қолайлы экологиялық жағдайға қоятын жоғары талаптары заманауи технологияларды тәжірибеге енгізе отырып, көгалдандыру сапасының стандарттарын өзгертуді көздейді.
Бүгін осы мәселелер облыс әкімдігінде талқыланды. Талқылауға эколог, дендролог және «Берегиня – БИО» ҚҚ басшысы Татьяна Пономарева да қатысты.
Өңір басшысы көгалдандыруды жүйелі түрде жүргізу қажет екенін атап өтті. Асайын Байханов бұған дейін Павлодар қаласының әкіміне облыс орталығын көгалдандыру тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырған болатын. Электрондық картада тіркелген жасыл желектерге түгендеу жүргізілгенімен бүгінде ол толық жұмыс істеп тұрған жоқ.
Аймақ басшысы бір ай ішінде Павлодар қаласының әкімдігіне және облыстық басқармалардың басшыларына осы мәселелердің барлығын шешіп, жасыл желектерді автоматты түрде суаруды, өтемдік отырғызулар мен оған мониторинг жүргізу тетіктерін өзгертуді, сондай-ақ, абаттандыру ережелерін және т. б. ескере отырып, облыс орталығын көгалдандыру тұжырымдамасын ұсынуды тапсырды.