Аламан бәйге, тазы жарысы: Павлодар ауданының 95 жылдығы аталып өтті

Ауданның мерейтойына орай Шақат ауылында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шақат ауылдық округінің әкімі Ерболат Канкин ұлттық спорт ойындары ауылда жылда өткізіліп тұратынын атап өтті. Жарыстарды ұйымдастыруға ауылдық округтің кәсіпкерлері демеушілік жасаған.
– Бұл дәстүрді өткен жылы бастаған болатынбыз. Алдағы уақытта да жалғастырмақпыз. Жарыстарға облысымыздан, басқа облыстардан да қатыса алады. Бәйгеге өткен жылы Қарағандыдан сәйгүліктер әкелген. Биыл Семейдің жылқылары қатысты. Биылғы жарыстар ауданның 95 жылдығына арналып отыр, – деді Ерболат Канкин.
Спорттық жарыстармен қатар, мерекелік шара барысында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, ақсақалдар батасын берген.
Биыл ұлттық спорттан қазақ күресі, қошқар көтеру, тазы жарысы, күшік жарысы, тоқ бәйге, аламан бәйге өткізілді.
Тоқ бәйгеде Аққулы ауданы Шарбақты ауылынан Ерхан Бауыржанұлының «Зытар» сәйгүлігі бірінші келді. Ал, аламан бәйгеде Май ауданынан Қанашевтің «Бақтұма» тұлпары топ жарды.
Тазы жарысында Баянауыл ауданы Майқайың кентінен Заманбетовтың тазысы 1-орынды жеңіп алды. Күшік жарысында да Майқайың кентінен Қали Ернұрдың « Шор» атты күшігі бірінші келді.
Ат жарыстары мен тазы жарыстарының жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар табысталды.
Қазақ күресінен Аққулы ауданы Мерғалым ауылының палуаны Манат Рахат 1-орын еншіледі. Оған бір қой сыйға тартылды.
Ал, қошқар көтеруде Павлодар қаласынан Халел Диас 102 рет көтеріп, сол қошқарды жеңіп алды.
Ерболат Канкиннің айтуынша, ауылдағы кәсіпкерлер алдағы уақытта ұлттық спорт бойынша туризмді дамытуды жоспарлауда. Ауылда ат мініп, тазы жүгіртетін орын ашпақ.
Оразбек Саяхат
Фото: Тілеуберді Сахаба