«Атамекен» Тереңкөлдегі шаруаны жерсіз қалудан арашалап қалды

«Атамекен» Тереңкөлдегі шаруаны жерсіз қалудан арашалап қалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 2025 жылдың қыркүйек айында жалға алған жер учаскесінен айырылып қала жаздады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл мәселені шешуге кәсіпкерлер палатасы тікелей қолдау көрсетті.

«Альтаир» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Альтаир Саурбаев облыстық «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасына хат жолдады. Оның айтуынша, кооперативке өткен күзде Тереңкөл ауданының жер қатынастары бөлімінің жер инспекциясы жүргізген тексеру нәтижесінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін жалға алу шартын бұзу туралы хабарлама келген.

– Тереңкөл ауданындағы «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының және Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасының қолдауының арқасында жалдау шартын бұзу туралы материалдар қолданыстағы ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен қайта өңдеушілердің жер пайдалану құқығын жалғастыру мәселесін реттеу жөніндегі арнайы комиссияның қарауына жіберілді. Аталған комиссия салықтардың төленуін, инвестициялардың тартылуын және тиісті ауылдық аумақтардың дамуын қамтамасыз ететін субъектілер үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін алып қоймау мәселесін қарастырды, – деп түсіндірді кооператив басшысы.

Оның айтуынша, мәселе оң шешімін тауып, жер учаскесі «Альтаир» АШӨК-нің жер пайдалануында қалды.