Атамекенде мемлекеттік тілді меңгеруге мүмкіндік артты

Атамекенде мемлекеттік тілді меңгеруге мүмкіндік артты
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Тіл курстары жергілікті тұрғындардың өтініші негізінде ұйымдастырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Оқу сабақтары Жаяу Мұса атындағы мәдениет үйі жанындағы коворкинг-орталықта өтуде. Қазірдің өзінде курсқа 30-дан астам адам жазылып, қызығушылық танытқан. Тыңдаушылар арасында орыс тілді тұрғындар, студенттер, жұмыс істейтін жастар және зейнеткерлер де бар. Тіл үйрену мен білім алу ешқашан жас талғамайтынын осы курс дәлелдегендей. Себебі, қазақ тілін меңгеруге ниет білдіргендедің ең жасы 20-да болса, жасамысы 75-тен асқан.  

Тұрғындардың өтініш, тілегінен кейін курс ашуды алғашқы болып қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қолға алды. Тіл үйренуге ниетті тұрғындарға мемлекеттік тілді меңгертуге осы саланың білікті маманы оқытушы болып таңдалған. Ал оның еңбекақысы қалалық бюджет есебінен төленеді.

Оқыту бағдарламасы «Келіңіздер, қазақша сөйлесейік» атты қарқынды курс негізінде жүргізіледі. Бағдарламаны «Ана тілі» оқу орталығының жетекшісі Шолпан Кинжикова әзірлеген. Павлодарлық ұстаз қазақ тілін үйретуге арнаған авторлық әдістемелерімен көпшілікке етене таныс.

Бағдарлама 90 сабаққа есептелген. Дәрістер аптасына бір рет, екі академиялық сағат көлемінде өткізіледі. Оқу аяқталған соң тыңдаушыларға курс бітіргені туралы сертификаттар беріліп, олар қазақ тілін күнделікті өмірде еркін қолдана алатын деңгейге жетеді.