Павлодарлықтар жалпыоблыстық сенбілікті қолдады
Павлодар қаласында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында тазалық және абаттандыру айлығы жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жалпыоблыстық сенбілікке Ткачев көшесі, 14 мекенжайындағы көпқабатты үйдің белсенді тұрғындары да белсене қатысты.

Тұрғындар аула аумағын толық тазалап, қоқыстарды шығарды, қоршауларды сырлап, ағаштарды әктеп, кіреберісті ретке келтірді. Ересектердің бастамасын балалар да қолдап, тазалық жұмыстарына атсалысты.
Айта кету керек, бұл үй бұған дейін Павлодар қаласындағы «Үздік аула» байқауында жеңімпаз атанған болатын.
– Біз ауламызды тазалап қана қоймай, балаларымызға өз қаласына, өз үйіне жауапкершілікпен қараудың үлгісін көрсеткіміз келді. Павлодардың таза әрі көрікті болғанын қалаймыз. Бүгінгі балалар ертең есейгенде туған жеріне дәл осылай жанашырлықпен қарайды деп сенеміз, – деді тұрғындардың бірі Азат Сейілханов.

Жалпы, экологиялық шараларға мыңдаған павлодарлықтар – мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері, кәсіпорындар мен қала тұрғындары қатысуда. Акция басталғалы бері тоғыз мың тоннадан астам қоқыс шығарылып, 200-ге жуық арнайы техника жұмылдырылған.