Павлодардағы форумға келген студенттер университет радиосына таңданысын білдірді

Павлодардағы форумға келген студенттер университет радиосына таңданысын білдірді

Торайғыров университетіндегі республикалық медиа форумға қатысушылар медиа саласында өзара тәжірибе алмасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Алғаш рет ұйымдастырылған бұл форум үлкен аумақты қамтыды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген медиа саласында жүрген студенттер форумдағы әсерлерімен бөлісті. 

Форумға қатысушы жас тілші ГүлжауҺар Бажақай Хайдар Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің медиа қызметкері болып істейді. 

Бұл біздің университет үшін өте  керемет жоба болып тұр. Алатын үлгіміз, идеяларымыз көп. Артықшылық неде деген сұраққа жауап беретін болсақ: барлығы әрбір бөлшегіне дейін керемет жоспарланған. Уақытты бағалау ескерілген. Бізге ұнағаны бұл университеттегі радио. Өйткені бізде радио енді ғана іске қосылып жатыр. Үлкен сабақ алдық. Ұйымдармен жұмыс жасау, студенттерді осы жұмысқа баулу, тәжірибе алмасу жұмыстар ұнады, - дейді ГүлжауҺар Бажақай.

Алматыдағы Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің филалогия мамандығының 3-ші курс студенті Айым Қонысбекқызы өз университетіндегі медиа орталықты дамыту үшін тәжірибе жинауға келген. 

- Университетімізде «Abai media» атты орталығымыздың ашылғанына 2 жыл болды. Сол университетіміздің медиа саласын дамытқымыз келеді. Форумда медиа саласында өзіміздің білімімізді кеңейттік деп айтсақ та болады. Себебі медиа саласында қаншама жыл жүріп,өзінің тәжірибесімен бөлісіп жатқан спикерлердің сөздерін тыңдадық, көптеген мысалдар келтірілді, - дейді Айым Қонысбекқызы.

Айта кетейік, форум екі күнге жалғаспақ. Екі күн бойы форумға қатысушылар түрлі мерекелік іс-шараларға қатысып, медиа саласында жүрген түрлі спикерлермен тәжірбе алмасады.

Фото: Торайғыров университетінің баспасөз қызметі