Атақты павлодарлық жанкүйер өмірден озды
Ол «Ертіске» жарты ғасырдан астам жанкүйер болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Футбол сүйер қауым арасында «Хоттабыч» деген лақап атқа ие болған Анатолий Шушканов 85-ке қараған жасында көз жұмды.
- «Ертіс» футбол клубының атынан Анатолий Шушкановтың отбасына көңіл айтамыз. Ұзақ жылдар бойы командамыздың жанкүйерінің нағыз бейнесі болды. Келешек жанкүйерлерге команданы қолдаудан үлгі тұтарлық тұлға. Анатолий Дмитриевичті ешқашан ұмытпаймыз, - деді клуб директоры Ермек Ермекбай.
Екі жыл бұрын ол денсаулығының нашарлауына байланысты қызы тұратын Выборг қаласына көшуге мәжбүр болды. Кетерінде ол «Ертістің» қайта жаңғыруына сенім білдіріп, павлодарлық жанкүйерлерді белсенді болуға шақырды.
«Павлодар футболына шын жүректен жанкүйер болыңыздар. Белсенді болып, стадионды у-шу азан-қазан етіңіздер. Бір ретте менен бір еркек: «Неге осыншама айқайлап тұрсың» деп сұрап тұр. Мен болсам – «Театрда емеспін!» дедім», - деген еді ақсақал.
Анатолий Шушканов 1971 жылдан «Ертіске» жанкүйер болған. Ол стадионда өзі шығаратын түрлі тақпақтарымен белгілі болып, футбол сүйер қауым арасында ерекше құрметке ие болды.