Екібастұзда оқушы далада тауып алған iPhone телефонын иесіне қайтарып берді

Екібастұзда оқушы далада тауып алған iPhone телефонын иесіне қайтарып берді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Полиция қызметкерлері төртінші сынып оқушысына алғыс айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Солнечный кентінің №16 ЖОББМ оқушысы Ксения Погребная мектептен үйіне келе жатқанда сауда үйінің жанында жерде жатқан iPhone маркалы ұялы телефонын байқаған. 

– Мен телефонды көтеріп, бірден полицияға бардым, – дейді Ксения. – Олардың көмегімен телефонның иесін тауып, қайтардым. 

Тәртіп сақшылары телефон ауыл тұрғынына тиесілі екенін анықтады. Оны кәмелетке толмаған ұлы үйіне келгеннен кейін ғана жоғалтып алғанын байқаған. 

Екібастұз қаласы ГРЭС-2 ПБ полиция бөлімшесінің бастығы Рустам Омаров Ксения Погребная мен оның анасын мектепке шақырды. 

–   Адалдықты сіңіріп, жақсы тәрбиелегені үшін анаңа ерекше алғыс айтамын. Бұл көптеген  балалар үшін жақсы үлгі болады, – деді Рустам Омаров.

Полиция қызметкері салтанатты жағдайда мектеп оқушысының әрекеті туралы айтып, белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс білдірді.