Аула, дүкен, подъезд: Павлодар облысында қауіпсіздікке кешенді тексеріс басталды

Аула, дүкен, подъезд: Павлодар облысында қауіпсіздікке кешенді тексеріс басталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

«Қауіпсіз шағын аудан» пилоттық жобасы кеншілер шаһарында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бастама прокуратура органдарының үйлестіруімен жүзеге асырылып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған.

Жоба «Заң және тәртіп» идеологиясы негізінде қолға алынып, қалада қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруды көздейді. Ерекше назар ұсақ құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және полиция, кәсіпкерлер мен тұрғындар арасындағы ашық диалогты нығайтуға аударылған. Сонымен қатар жұмыс нақты әрі өлшенетін нәтижеге бағытталған «Айқын нәтиже» бастамасы шеңберінде жүргізілуде.

Рейд барысында аулалар, көпқабатты үйлердің кіреберістері, шағын және орта бизнес нысандары тексерілді. Әсіресе азық-түлік дүкендері мен қадамдық қолжетімді сауда орындарының қауіпсіздік талаптарын сақтауына басымдық берілді.

Іс-шараға Екібастұз қаласы прокурорының орынбасары қатысты. Ол кәсіпкерлік нысандарын аралап, заңдылықтың сақталуы мен азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелеріне назар аударды.

Қалылық полиция басқармасының бастығы Төлеген Құдайбергенов те рейдке тікелей қатысып, шағын аудан тұрғындарымен және кәсіпкерлермен жүздесті. Ол қауіпсіздік мәселелері бойынша ұсыныс-пікірлерді тыңдап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Тексеру нәтижесінде бірқатар дүкендерге бейнебақылау камераларын орнату және олардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша ескертулер берілді. Кәсіпкерлерге заң талаптары түсіндіріліп, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде ұсынымдар жасалды.

– Біздің міндетіміз – құқық бұзушылықтарға тек әрекет ету ғана емес, олардың алдын алу. Қауіпсіздік ауладан, подъезден, үй жанындағы дүкеннен басталады. Азаматтардың белсенді ұстанымы мен полиция және қоғам арасындағы тығыз өзара іс-қимыл болған жағдайда ғана нақты нәтижеге қол жеткізе аламыз, – деді Төлеген Құдайбергенов.

Екібастұзда «Қауіпсіз шағын аудан» жобасын іске асыру жалғасады. Алдағы уақытта мұндай рейдтер тұрақты өткізіліп, қамтылатын аумақтар кеңейтілмек. Бұл қоғамдық қауіпсіздікке жүйелі көзқарас қалыптастырып, қала тұрғындары үшін жайлы өмір сүру ортасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.