Павлодарлық жас гитарашылар Астанадан жүлделермен оралды

Алты ішекті аспап орындаушылары басқа облыс өнерпаздарымен бақ сынасты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Астана қаласында Анатолий Ушаков атындағы республикалық гитарашылар байқауы өтті. Бұл шараны «Art aspect» шығармашылық бастамалар орталығы ұйымдастырып, Қазақстан композиторлар Одағы қолдау көрсетті. Байқау еліміздің әр өңірінен келген дарынды гитарашыларды бір арнаға тоғыстырып, олардың өнерін көпшілікке танытты.
Байқаудың басты мақсаты — Қазақстанда гитара өнерін дамыту, отандық композиторлардың шығармашылығын насихаттау, талантты оқушылар мен педагогтарды қолдау және музыкалық оқу орындары арасындағы байланыстарды нығайту.
Байқауға алты ішекті гитарада ойнайтын 60-тан астам орындаушы — балалар музыка мектептері мен студияларының оқушылары, орта және жоғары музыкалық оқу орындарының студенттері қатысты.
Қатысушылар екі санаттың бірін таңдады: «Ақ жол» және «Шеберлік жол».
Музыкалық кешеннің жас гитаристері Павлодар облысының жетістіктерінің қоржынын келесі нәтижелермен толықтырды: Карина Үсенова, Аянат Серікқызы, Санжар Ағыбай, Диана Киреева, Фаиль Сибагатуллин бірінші дәрежелі лауреаттар атанды, Лариса Безпалая, Артем Низевич, Максим Татарченков, Мадияр Рахимов күміс медальды жеңіп алды, үшінші орынды Томирис Смағұлова иеленді.
Бұл байқау гитара өнерінің дамуына тың серпін беріп, жас таланттардың ашылуына мүмкіндік жасады. Сонымен қатар, педагогтер мен орындаушылар арасындағы шығармашылық ынтымақтастықты тереңдетіп, ұлттық музыка өнерін насихаттауда маңызды рөл атқарды.