Павлодарда 100-ден аса оқушы «Жас ұлан» қатарына қабылданды
«Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының қатарына салтанатты қабылдау өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
М. М. Катаев атындағы Оқушылар сарайының әдіскері Әсем Айыпованың айтуынша, бұл күндері мектептерде «Жас ұлан» және «Жас қыран» қатарына оқушылар қабылданды. Облыстың барлық аудандарынан 100-ден астам жас белсенді салтанатты түрде ант беріп, галстук байлады. Оқушылар сарайына салтанатты қабылдауға облыстың үздік 100 оқушысы шақырылды.
– «Жас ұлан» және «Жас қыран» ұйымының қызметі – өскелең ұрпақты өз елінің патриоттары етіп тәрбиелеу, мәдениетке, толеранттылық пен бітімгершілік дәстүрлеріне деген сүйіспеншілікке баулу, – деді Павлодар облысы бойынша «Жас ұлан» ББЖҰ аймақтық хатшысы Айжан Оразбаева.
Қазіргі таңда облыс бойынша «Жас ұлан» балалар-жасөспірімдер ұйымына қырық мыңнан астам оқушы кіреді. Олар волонтерлік, құқықтық, экологиялық қызметпен айналысады.
Шараға NEET санатындағы жастармен жұмыс жөніндегі орталықтың басшысы, жастар бастамаларын дамыту орталығы директорының орынбасары міндетін атқарушы Жандарбек Қабдраш, «Шаңырақ» балалар-жастар орталығы жастар бірлестігінің төрағасы Максим Кравченко, «Ұлы дала скауттары» қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі, Павлодар облысы бойынша «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Бақытжан Берікұлы Кәкім қатысты.
Қонақтар балалар мен жасөспірімдер ұйымының жаңа көшбасшыларына галстук байлады. Балалар Отанға адал болуға, үлкендерді құрметтеуге, табиғатқа ұқыпты қарауға ант берді.