Павлодардың футбол жанкүйерлері өз командасына қолдау көрсететін күн туды
Қайта жаңғырған «Ертіс» Екінші лигадағы жарысты бастайтын уақыт белгілі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бірінші матчта «Ертіс» қостанайлық «Тобылдың» жастар командасымен ойнайды. Матч 9 сәуірде Павлодарда өтеді. Нақты уақыты қосымша хабарланады.
Жақында Сергей Якушин шәкірттері оқу-жаттығу жиынын аяқтады. Жолдастық кездесуде «Тұранның» жастары 4:0 есебімен тізе бүктірді. Қазақстан Кубогінде павлодарлықтар топтық кезеңді артқа тастап, плей-офф раундына дейін шықты. Онда «Ертіс» шымкенттік «Оңтүстікке» жол берді.
Екінші турда «Ертіс» сырт алаңда «SD Family» жастарымен сырт алаңда ойнайды. Солтүстік-Шығыс конференцияда барлығы 12 команда бар. Олардың басым көпшілігі Премьер және Бірінші лигалардағы клубтардың қосалқы командалары. Тек мұндағы Алматы облысының «Іле-Сәулеті» мен Павлодардың «Ақсуы» ғана «ересек» командалар.
Бірінші лигаға шығу үшін павлодарлықтар өз конференциясында бірінші орынды иемдену керек. Лигадағы командаларға қарап, бұл міндетті орындауға Сергей Якушиннің бар мүмкіндігі бар деп қорытуға болады.