Павлодарға америкалық баскетболшылар келді
Осылайша «Ertis» ел чемпионатының шешуші кезеңіне әзірленуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Командаға АҚШ-тан Ашиала Джексон және Кейтлин Томас келіп қосылды. Алғашқысы 1998 жылы Индиана штатында дүниеге келген, бойы 185 сантиметр. Форвард позициясында ойнайтын ол оған дейін «Барсы Атырау» командасында ойнап, төрт кездесуде барлығы 62 ұпай жинады.
Оның отандасы Кейтлин Томас та форвард болып ойнайды. Ол Алабама штатында 1998 жылы дүниеге келген, бойы 182 сантиметр. Кейтлин Томас Ұлттық студенттік спорт ассоциациясында (NCAA) жергілікті университет командасының намысын қорғаған.
- Америкалықтар плей-офф матчтары алдында біздің командаға шеберлік, тәжірибе жағынан көмектесуге келді, - дейді «Ertis» БК басшысы Жұлдыз Байдүйсенова. – Олардың жанында біздің қыздар да шеберлігін шыңдайды деп ойлаймыз. Қазіргі кезде чемпионатта жетінші орындамыз және ширек финалда біріншілікте екіші орын алған командамен ойнамақпыз. Чемпионаттағы соңғы турда қарсыластың аты нақтыланады.
«Ertis» құрамы тағы бір ойыншымен толықтырылғанын айта кеткен жөн. Ресейлік баскетболшы Арина Глазачева 2021-2022 жылдары ақтаулық «Каспий» сапында ойнаған. Ол шабуылдаушы қорғаушы позициясында ойнайды, бойы 179 сантиметр.
Келесі матчты «Ertis» сырт алаңда «Aqtobe» ұжымына қарсы өткізеді. Қазақстан біріншілігінің бесінші туры Щучинскіде 11-15 наурыз аралығында өтеді.