Ақтоғай ауданындағы медициналық ұйымдардың күрделі жөндеулері қалай жүгізілуде

Ақтоғай ауданындағы медициналық ұйымдардың күрделі жөндеулері қалай жүгізілуде
Фото: Денсаулық басқармасынан

Ағымдағы жылы ауданда Мүткенов, Әуелбек, Жалаулы шалғай ауылдарының дәрігерлік амбулаториясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Нысандардың жай-күйін Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов тексеріп қайтты. 

- Бүгін жұмыс сапарыммен Ақтоғай ауданына бардым. Ағымдағы жылы ауданда Мүткенов, Әуелбек, Жалаулы шалғай ауылдарының дәрігерлік амбулаториясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Айта кетсек, ағымдағы жылы сатып алынған санитарлық автокөліктің 3 бірлігі осы ауылдардың медициналық ұйымдарына жіберілді, - деді басқарма басшысы.

Облыстық бас дәрігері Жалаулы ауылының амбулаториясында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталғанын айтты. Ал Мүткеновтегі жөндеу жұмысы аяқталуға жақын. 

- Ескертулер негізінде мердігер ұйым жою бойынша жұмыстар жүргізуде. Аяқтау осы айдың соңына дейін жоспарланған.  Мүткенов ауылдық амбулаториясы 1973 жылы салынған, 5 елді мекенге қызмет көрсетеді. Мұндағы халық саны 1113 адамды құрайды. 2023 жылы ауылға 2 орта медицина қызметкері келді, - деді ол.

Ал Әуелбек ауылындағы медициналық нысанда күрделі жөндеу шілде айында басталып, ағымдағы жылдың желтоқсан айының соңында аяқталады деп жоспарлануда. 

- Ағымдағы жылы аудандық аурухана басшылығымен кадрлық әлеуетті тарту бойынша белсенді шаралар жүргізілгенін атап өткім келеді. "Дипломмен - ауылға" бағдарламасы бойынша Жалаулы аулына жалпы тәжербие  дәрігері, сондай-ақ лор-дәрігер, онколог дәрігер бұдан бөлек, тағы 11 орта медицина қызметкері жұмысқа қабылданды, - деді Айдар Сейітқазинов.

Биыл Ақтоғай ауданында коагулятор, 3 функционалды кереует, гинекологиялық кресло, аудиологиялық скрининг және есту функциясын диагностикалауға арналған аппарат сияқты медициналық жабдықтар сатып алынған.