Ақтоғайда партиялық жұмыс цифрлық форматқа көшеді
«AMANAT» партиясының Павлодар облыстық филиалының атқарушы хатшысы Николай Дычко жұмыс сапарымен ауданға барды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сапар барысында аудандық филиалдың жаңа басшысы таныстырылып, алдағы кезеңге арналған партиялық жұмыстың басым бағыттары айқындалды.
Сапардың басты оқиғасы – «AMANAT» партиясының Ақтоғай аудандық филиалының жаңа атқарушы хатшысын таныстыру болды. Бұл қызметке Нұрбол Мүкитов тағайындалды. Николай Дычко кандидатураның кездейсоқ таңдалмағанын атап өтті.
– Нұрбол Мүкитов – осы уақытқа дейін Ақтоғай ауданының мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімін басқарған тәжірибелі басшы. Оның өңірдің әлеуметтік ерекшелігін терең білуі және халықпен жұмыс істеудегі тәжірибесі партиялық қызметті сапалы жаңартудың берік негізі болмақ, – деді ол.
Сапар аясында Саяси кеңес Бюросының отырысы өтті. Қатысушылар партиялық жобалардың іске асырылу барысын және Жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін талқылады. Николай Дычко конституциялық реформа қоғамның елді жүйелі түрде жаңғыртуға деген сұранысына жауап екенін атап өтіп, бұл үдерісте партия мүшелері алдыңғы қатарда болуы тиіс екенін айтты.
Кездесуді қорытындылай келе, Николай Дычко партияның ақпараттық кеңістіктегі белсенділігін күшейту қажеттігіне тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде әлеуметтік желілер басты диалог алаңына айналғандықтан, барлық деңгейдегі депутаттар мен «AMANAT» белсенділері цифрлық кеңістікте барынша ашық болуы керек.
Сөз соңында ол тұрғындардың мәселелеріне жедел әрекет етіп, партиялық жобалардың іске асырылуын онлайн форматта жан-жақты көрсету қажеттігін айтып түйіндеді.