Тереңкөл және Ертіс аудандары егін жинаудан көш бастап тұр
Өңір бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егін алаңының 56 пайызы жиналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Есентай Мүрсәлімовтің мәлімдеуінше, жалпы егін жинау алаңы 1 миллион 406 мың гектарды құрайды. Атап айтқанда, дәнді дақылдар – 928 мың га, майлы дақылдар – 374 мың га, жемшөп дақылдары – 70 мың га, картоп-24,8 мың га, көкөністер мен бақша дақылдары сегіз мың гектар аумақты алып жатыр.
Бүгінгі таңда облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егін жинау алаңының 56 пайызы жиналды. Оның ішінде, дәнді дақылдар – 82 пайыз, картоп – 64 пайыз, көкөністер – 68 пайыз, бақша дақылдары 100 пайыз жиналды.
– Егін жинаудан көш бастап тұрған аудандарға Тереңкөл және Ертіс аудандарыжатады. Атап айтқанда, Тереңкөл ауданы егіннің 83 пайызын жинаса, Ертіс ауданы 75 пайызды жинады. Одан кейін Ақтоғай, Баянауыл аудандары көшке ілеседі. Астық аз егетін аудандардан Май, Аққулы аудандары көштің соңында, – деп атап өтті Есентай Мүрсәлімов.
Еске сала кетсек, былтыр Павлодар облысы картоп жинау бойынша 666 мың тоңна жинап, рекорд орнатқан болатын. Биыл жиналған 64 пайыздан 609 мың тонна картоп алған. Бөлім басшысы былтырғы көрсеткішті сақтап қалатындарын атап өтті.
Бұдан бөлек, облыс аумағында жалпы сыйымдылығы 277 мың тонна алты элеватор, сыйымдылығы 912 мың тоннаны құрайтын 263 қойма бар. «Азық-түлік корпорациясы» ҰҚ» АҚ азық-түлік бидайын сатып алу бағасын жариялаған. Атап айтқанда, үшінші санаттағы бидай дән желімшесі 27 пайыздан асқанға – 100 000 теңге, 25 пайыздан жоғары – 90 000 теңге және 23 пайыздан асқанға 85 000 теңге бағасы қойылды.
– Күзгі-дала жұмыстарын жүргізуге 31 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, бұл – өткен жылдан екі мың тоннаға артық. Операторлық қызметтерді ескере отырып, арзандатылған дизель отынының бағасы литріне 238 теңгені құрайды, – деді спикер. – Ылғалды астықты кептіру үшін екі жарым мың тонна арзандатылған дизель отыны және мың тонна газ бөлінді.
Облыс аумағында жалпы өнімділігі тәулігіне 49 мың тонна бидайды құрғатуға мүмкіндік беретін 82 құрылғы бар.
Өсімдік шаруашылығын қолдауға бюджеттен 7,5 миллиард теңге қаражат бөлінген.
«Казагрофинанс» АҚ арқылы ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға 331 қарыз алушыға 18,9 млрд теңгеге несие беріліп, оған 908 техника сатып алынған.