«Бақытты отбасы» жобасы аясында Успен ауданында әлеуметтік қолдау көрсетілді
Өмірлік қиын жағдайдағы отбасылар ерекше бақылауға алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық мәслихатының депутаттары «Бақытты отбасы» жобасы аясында Успен ауданына барды. Ондағы мақсат бір жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан халықты әлеуметтік қолдау жүйесінің қызметімен танысу.
- Орталық мамандары жағдайларға тұрақты түрде мониторинг жасап, мобильді топтардың жұмысын үйлестіреді және өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсетуде. Орталық жұмысының нәтижелері тиісті деңгейде жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 8 отбасы ерекше бақылауға алынды, - дейді мәслихат депутаты Сандуғаш Қалижанова.
Бұдан бөлек, ауданда тағы 4 отбасы атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алуға рәсімделсе, 3 адам тұрақты және қоғамдық жұмыстарға орналастырылды. Бұдан бөлек, проблемалық жеке кәсіпкерлікті жабуға көмек көрсетілді.
- Сондай-ақ ауданның уақытша тұрғын үй ұсыну жөніндегі бастамасын ерекше атап өткім келеді. Жергілікті кәсіпкермен жасалған келісімнің арқасында қиын жағдайға тап болған азаматтар бір айға дейін абаттандырылған хостелде тұра алады, - деді депутат.
«Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыс әлі де жалғасын табатын болады.