Аққулы ауданының ұстазы атқа міну, садақ ату өнерін дамытуда
Ямышев ауылындағы орта мектептің мұғалімі Дәурен Жүнісханның бұл істі қолға алғанына екі жылға таяған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жас ұстаз осы уақыттың ішінде қалалық және аудандық байқауларда бой көрсетіп, жүлдеге ие болған. Жуырда Ақтоғай ауданында Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы ұйымдастырған 15 метр қашықтықта дәстүрлі садақ атудан жаттықтырушылар арасында екінші орынды иеленген.
Балаларды ежелден келе жатқан садақ ату, атқа міну ұлттық өнеріне баулып жүрген ұстаз мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Тіпті, ұлттық өнерді оқушылар арасында дәріптеу мақсатында «Қайсар» ұлдар клубын ашқан. Клуб мүшелері аудандық, қалалық, облыстық садақ ату жарыстарынан жүлделі орындарға ие болған.
– Олардың жетістіктерін көріп, дұрыс бағытта тәрбие беріп жатқаныма қуанамын. Балалардың қызығушылығы жақсы екені қуантады. Көп жағдайда 9-11-сыныптар аралығындағы оқушыларды жаттықтырамын. Десе де, бастауыш және орта сынып оқушылары да садақ ату өнерін ұнатады, – дейді Дәурен Жүнісхан.
Ұстаздың айтуынша, садақ ату спортының денсаулыққа пайдасы зор әрі мергендер епті, ақыл-ойы жоғары болады. Нысананы дәлдеу үшін адам миында қаншама формула құрылады, амал ойластырылады, жоспарлайды. Мұның бәрі – тұнып тұрған математика. Садақ ату арқаны тік ұстауға, көру қабілетін жақсартуға көмектеседі.
– Қазақтың арғы-бергі тарихында жебені жанына серік етіп, құралайды көзге атқан мергендер көп болған. Оны батырлық эпостардан, қисса-дастандардан жақсы білеміз. Жалпы, садақ пен қазақ – егіз ұғым. Бұл қару ата-бабаларымыз ерте кезде аң аулауда, кейін соғыс ісінде қару ретінде қолданды, – дейді ол.
Дәурен Жүнісхан атқа міну өнерін де оқушылар арасында дәріптеп келеді. Өзінің қолда өсіріп жатқан жылқылары бар. Үйірмедегі ер балалардың бәрі атқа міне алады.
– Ямышев ауылы көп ұлтты елдімекен. «Қайсар клубында» өзге ұлт өкілдерінің балалары да бар. Олар да садақ ату өнерін жақсы көреді. Аттың тізгінін ұстай алатын бала ертең елдің тізгінін де ұстай алады. Атқа қорықпай мінген баланың бойында сенімділік болады. Оқушылармен бірге тазы иттерді алып, тауға шығып, серуендеуді де әдетке айналдырып жүрміз. Мұндай дүниелер бала жадында сақталып, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыратыны сөзсіз, – дейді ол.
Ұстаз биыл қазан айынан бастап аудандық білім беру бөлімі садақ атудан үйірмеге 0,25 пайыз ставка берілгенін айтады. Бүгінгі таңда жоғары сынып оқушылары скиф және моңғол садағын қолданады, ал төменгі балаларды үйірмеге қабылдау үшін шағын садақтар қажет. Ол болашақта ұлттық спортты дамыту қолдау тауып, садақ ату үйірмесіне мектептің жертөлесінен орын жабдықталса әрі арнайы құралдармен қамтамасыз етілсе екен, дейді.