Үш тілді қатар меңгерген екібастұздық оқушы олимпиада жүлдегері атанды
Ол қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде эссе жазған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
9-11-сынып оқушылары арасында өткен облыстық көптілділік олимпиадасында бірінші орынды Екібастұз қаласындағы «Зерде» мамандандырылған лицей-мектебінің 9-сынып оқушысы Медина Абильдина жеңіп алды.
Медина ең лайықты оқушыны іріктеу мақсатында ұйымдастырылған мектепішілік сайыста қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде эссе жазып, төрешілерді шешендік өнерімен таң қалдырды.
– Медина шешендік өнердің қыр-сырын үйренуге талпынып қана қоймай, мәнерлеп өлең оқуды да ұнатады. Онымен қоса сурет салу да сүйікті ісі, – дейді жетекшісі Гүлімхан Әлкенова.
Ұстазы бұған дейін әр жылдары облыстық пән олимпиадаларында орыс тілі мен әдебиетінен жүлде алып жүрген дарынды оқушыны түрлі сайыстарға баулып келеді.