Аққулыда әжелер дойбы ойнаудан жарысты
Жамбыл ауылында Ертіс өңірінің 85 жылдығына орай әжелер арасында дойбыдан жарыс ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жамбыл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Исағұловтың айтуынша, мәдениет үйінде өткен жарысқа Ямышево, Баймолдин, Малыбай, Шақа, Мерғалым, Майқарағай, Бесқарағай, Аққулы, Жамбыл ауылдарынан 12 әже қатысқан. Ең үлкен қатысушының жасы 86-да болса, ең жасы – 63-те.
– Аудан бойынша барлық округтерге алдын ала хабарландыру берілді. Жалпы, ақсақалдар арасында түрлі шаралар жиі өткізіледі. Ал әжелер арасында мұндай кездесулер сирек болады. Сондықтан бұл жолы әжелердің басын қосып, жарыс ұйымдастыруды жөн көрдік. Әртүрлі ауылдардан келген апалар әңгіме-дүкен құрып, көңіл көтеріп, мәз болып қалды, – дейді Өмірзақ Исағұлов.
Ардагерлер кеңесі жыл сайын ардагерлерлер арасында ауданаралық веломарафон өткізіп тұрады. Ал биыл 26 сәуір күні 20 ақсақал «Батырларға тағзым» жобасы бойынша ҰОС батыры, «Будапешт үшін», «Ерлік үшін», «Қызыл Жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы» ордендерінің иегері Сембай Қалиевтың зиратынан бастап, Ямышев - Баймолдин - Қазы - Малыбай - Мерғалым - Шақа - Жабағылы - Төс-Ағаш - Шарбақты ауылдарымен 218 километрді жаяу жүріп өтіп, 5 мамыр күні аудан орталығын келген. Күніне 30 шақырымнан жүріп отырған. Ең үлкені 87 жаста Түлкібай Құлынбаев болған.
Дойбы жарысының қорытындысы бойынша бірінші орынды Жамбыл ауылының тұрғыны Гүлсім Қошпанова жеңіп алған. Екінші орынды үш әже бөліскен: Бесқарағай ауылынан Жазира Оспанова, Бесқарағай ауылынан Самал Мұқашева және Майқарағай ауылынан Баянсұлу Жүсіпбекова. Үшінші орын Ямышево ауылынан келген Күләш Синицинаға бұйырған. Сондай-ақ Аққулы ауылының тұрғыны Зәуреш Байғожина «Жеңіске деген ұмытылыс» аталымымен марапатталған.
Жеңімпазға медаль мен кубок, жүлдегерлерге грамоталар табыс етілген.