Қарттарға пансионат: Павлодарлық алаяқ әйел Краснодарда ұсталды
Ол 50-ден астам адамды алдап соққан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел қызметкерлер көрші мемлекеттің әріптестерімен бірлесіп, халықаралық іздеуде жүрген Павлодар қаласының тұрғынын Краснодар қаласындағы жалдамалы пәтерден ұстады.
- 47 жастағы әйел 2021 жылғы қыркүйектен бастап 2023 жылғы қазан айына дейінгі уақыт аралығында бизнесті дамыту және қарттар үшін ақылы пансионат ашу сылтауымен жалпы сомасы 400 миллион теңгедей ақшалай қаражат иеленгені анықталды. Қазіргі уақытта Краснодар қаласындағы тергеу изоляторына қамалды, - деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.
Сот іздеуде жүрген адамға қатысты 40 тәулік мерзімге экстрадициялық қамауға алуға санкция берді.
Айта кету керек, криминалдық полицияның сот төрелігі органдарынан жасырынған және хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздестіру жұмыстары тұрақты негізде жүргізілуде. Ұзақ уақыт бойы ақпарат жинау және нұсқаларды қайта қарау қылмыстарды ашумен аяқталады.
Павлодарлық жедел уәкілдер биыл 155 қылмыскерді іздеп тапты.