Павлодарда торттың ішінен ұялы телефон табылды
Тыйым салынған зат тергеу изоляторына сәлемдеме арқылы өткізілмек болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №63 мекемесінде тергеу изоляторына ұялы телефонды заңсыз жеткізу әрекетінің жолы кесілді.
Мекеме қызметкерлері сотталушыға арналған сәлемдемені тексеру кезінде торттың ішінен жасырылған ұялы телефонды, екі SIM-картаны және USB сымын анықтап, тәркіледі.
Сәлемдемені Павлодар қаласының тұрғыны қамауда отырған танысына әкелген. Осы дерек бойынша оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 481-бабы бойынша хаттама толтырылып, материалдар сотқа жолданады.
– Тыйым салынған заттарды азық-түлікке жасырып өткізу әрекеттері ара-тұра кездеседі. Алайда мекемеге жеткізілетін барлық сәлемдеме міндетті түрде мұқият тексерілетіндіктен, мұндай заңсыз әрекеттер дер кезінде анықталады, – деді департаменттің баспасөз қызметі.
Департамент өкілдері ұялы телефондардың қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің аумағына алып өтуге тыйым салынған заттардың қатарына жататынын еске салып, азаматтарды қолданыстағы заң талаптарын сақтауға шақырды.