Бір мезгілде күй орындау челленджіне 1 миллионға жуық бала қатысты

Бір мезгілде күй орындау челленджіне 1 миллионға жуық бала қатысты

Еліміздің 7 мың білім беру ұйымында бір мезгілде «Балбырауын», «Адай» және «Сарыарқа» күйлері орындалды. ҚазАқпарат бұл туралы Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Министрдің айтуынша, музыка, әсіресе домбыраның әуезді үні барлық ұлттарды жалпыадами құндылықтар – толеранттылық, төзімділік, бірлікке үндеп, бір арнаға тоғыстырады. Және өскелең ұрпақтың өз тарихы мен өнерін үйренуге деген ұмтылысы мен қызығушылығын оятады.

«Домбыра — мәдениетіміздің негізгі символдарының бірі, ұлттық құндылығымыз. Біздің оқушыларымыз, балабақшаның кішкентай тәрбиеленушілері, колледж студенттері ұлттық аспапта ойнауға белсенділік танытқаны қуантады. Бүгін домбыраның шанағынан төгілген үн еліміздің әр өңірінде әуеледі. Оқушылар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан мәдени мұраны сақтап, одан әрі жалғастырады деп сенемін»,— деді министр Ғани Бейсембаев.

Челлендж соңында Оқу-ағарту министрі елордадағы Д. Қонаев атындағы № 66 мектеп-лицейінің оқушыларымен бірге күй орындады. «Наурыз мейрамы» мерекелік эстафетасына 1 миллионға жуық бала қатысты. Олардың арасында ең кішкентайы – Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданы «Ақбота» балабақшасының тәрбиеленушілері.

Еске салайық, бүгін елорданың барлық білім беру ұйымында астана уақыты бойынша сағат 12:00-де «Күй күмбірі» атты домбырашылар челленджі өтті. Оған қаланың 127 білім беру мекемесінен 3 мыңнан аса домбырашы қатысты.

Фото: turaninfo.kz